МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Онда ағымдағы жылы 1049 бала демалады деп жоспарланған. Ал аталған аудандағы Лесное ауылдық округіндегі жалғыз оқушылар лагері биыл 600 баланы қабылдамақ. Бірақ бұл жолы «Оқжетпес» лагерінің ашылуы бір аптаға кешіктірілуде. Өйткені, санитар дәрігерлердің талаптары біршама өзгерген. Мәселен, корпус ішінде міндетті түрде су тартылып, жылытқыштар орнатылуы керек болды. Бүгінде бұл жұмыстар толық орындалған.

– Енді «Оқжетпес» лагері өз жұмысын маусымның 24-і күні бастайды. Биыл аталған демалыс орнының бірінші кезеңіне 130 бала келеді деп жоспарланған. Ал әзірге мұнда соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Биыл ауданда балаларды жазғы демалыспен қамту үшін бюджеттен 15 млн 140 мың теңге бөлініпті.

Еділ Жакенов – Аққайың аудандық білім бөлімінің жетекшісі:


–  Биыл бюджеттен өткен жылдарға қарағанда біраз қаржы бөлінді. Осы ретте біз үлкен жұмыс атқардық. Балаларға барлық жағдай жасалуда. Мәселен, алаңдарда кене мен кеміргіштердің алдын алдық. Су құбыры желісін тартып, әр корпусқа қолжуғыштар орнаттық. Мұндай жұмыстар бізде алғаш рет жүргізілді.

Ағымдағы жылы жолдаманың құны 13 мың теңгені құрап отыр. Бірақ бірінші кезекте демалыс орнына аз қамтылған отбасынан шыққан балалар тегін қабылданбақ. Биыл олардың саны – 202. Айту керек, Ақмола облысында орын алған қайғылы оқиғадан соң, мұндағы мамандар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруде.

Еділ Жакенов – Аққайың аудандық білім бөлімінің жетекшісі:

 

– Біз жетекшілермен сөйлесіп, балалардың техникалық қауіпсіздігі туралы нұсқамалар жүргіздік. Сонымен қатар, корпустардан әйнегі бар есіктер толығымен алынып тасталды. балалар да мамандардың жіті бақылауында болады.

Осы орайда, қоғамдық кеңес мүшелері білім бөлімінің жетекшісіне балаларға ыңғайлы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға кеңес берді. Өйткені, олар лагерьге тексеріспен жиі келіп тұрамыз деп сөз берді.
Айту керек, жыл басынан Аққайың ауданында 13 кеңес отырысы өткізіліп, түрлі тақырыптағы мәселелерді көтерген. Қазір мұнда 9 адам мүшелік етеді. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен ардагерлер және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де бар.

Айгерім Ержанова