МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ өкілдері тыл еңбеккерлерімен кездесті

Иван Куропаткин тыл еңбеккері. Соғыс басталғанда ол 10 жаста болыпты. Ауылындағы барлық ер азаматтар бірден майдан даласына аттанып, селода қалған 5 бала мен қыз-келіншектер тылда еңбек еткен. Әкесі Михаил Куропаткинде Кенигсберг түбінде шайқасыпты. Соғысты басынан аяғына дейін өткеріп үйіне аман-есен оралған.

Иван Куропаткин – тыл еңбеккері:


–  Қыркүйек айының соңы, қазанның басында біздің ауылға немістер келіп, жайғасып алды. Барлық төрт-түлік малды, тауықтарды, азық-түліктерімізді тартып алды. Үш ай көлемінде қоршауда болдық. Фашистер кейін артқа шегінді. Кетерлерінде ауылды өртеп жіберді. Қиын күндер болды. Жейтін тамақ жоқ. Анам әпкемді, қарындасымды және мені әзер дегенде аман алып қалды.

Отты жылдары солтүстік даласынан майданға 400 мыңнан астам адам аттанды. Шығынсыз соғыс болмайды. Жерлестеріміздің көбі өкінішке қарай үйіне оралмады. Уақыт өткен сайын жүрегін шүберекке түйіп шайқасқан ардагерлердің қатары сиреп барады. Бүгінде облыста көзі тірі 197 соғыс ардагері бар. Оларға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ қалалық бөлімшесінің жетекшісі:

– Менің атам тыл еңбеккері. Олардың да Жеңіске қосқан үлестері зор. Біз жастар олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.

Жиын соңында “Нұр Отан” партиясының “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында жазылған “Ұлы Жеңістің Батырлары – қазақстандықтар” деп аталатын кітаптың екінші томы облыстық ардагерлер кеңесі, тарихи-өлкетану мұражайы мен кітапханаларға табысталды.

Риат Шони