Петропавлдық полицей 26-жастағы қызды өлімнен құтқарып қалды

Құқық қорғау органдары

14:25 22 Маусым 2016

Елді елең еткізген жағдай 14-інші маусым күні таңғы сағат 8-дердің шамасында болған. Бұл уақытта қос полицей Руслан Акматовпен Арман Имантаев шаһардың Ойқала ауданында кезекшілікте жүріпті. Кенет оларға көпірдің үстінен қыз жерге секіргелі жатыр деген хабар түседі. Мұны естіген қос құқық қорғаушы нәзік жандыны құтқару үшін ойланбастан оқиға орнына жеткен.

Руслан Акматов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкері:

– Оқиға орнына келгенде менін ойымда тек қызды қалайда болсын құтқару болды. Сосын әріптесім екеуміз нәзік жандыны сабырға шақырып көпірден түсуін сұрадық. Алайда, ол ешкімнің сөзін құлағына ілмеді. Сосын мен көпірдің үстіне өзім шығып, бейтаныс қызбен тілдесуге көштім. Бір сәтте оның қолынан ұстап алып, жерге түсірдім.

Бұл оқиғаны куәгерлер сол сәтте ақ ұялы телефондарына түсіріп ғаламторға салыпты. Кейін, Руслан Акматовтың батыл әрекетін барлық халық көрген. Дегенменде ол өзін ерлік жасадым деп санамайды. “Тек өзімнің жұмысымды атқарып, нәзік жандыны өлімнен аршаладым”- дейді жас полицей.

Руслан Акматов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері:

– Бұл менің күнделікті жұмысым. Біз мұндай жағдайларға дайын болу қажетпіз. Өзіме қызметім ұнайды. Болашақта осы салада жемісті еңбек еткім келеді. Полицейлер әрдайым қоғамдағы тыныштықты күзетуге дайын. Олар бірінші кезекте халыққа қорған болуды ойлайды.

Руслан Акматовтың көзсіз жасаған ерлігімен оның әріптестері де мақтанады. Енді олар алдағы уақытта жас құқық қорғаушыға марапат тағайындамақ.

Александр Махнев – Петропавл қалалық ІІД кәсіби дайындық бойынша инспекторы:


–  Біз Руслан Акматов көпірден секіргелі жатқан қызды құтқарып қалды дегенді естігенде таң қалған жоқпыз. Өйткені ол өте батыл, шапшаң әрекет ететін, білікті мамандарымыздың бірі. Мұндай қызметкеріміз әрине марапатсыз қалмайды. Бұл біздің полицейлердің биылғы жылдағы бірінші батыл ісі емес. Бұған дейін 4 тәртіп сақшы Есіл өзеніне батып бара жатқан 19 жастағы жігітті ажалдан аман алып қалған болатын.

Руслан Акматовтың құқық қорғау саласында қызмет еткеніне 3 жыл болған.

Култанов Байболат