МТРА жаңалықтары

Қарбыз маусымы басталды

Жаз мезгілінде жедел ішек инфекциясы күш алатыны белгілі. Сондықтан да жеміс-жидек сатып аларда тұтынушының сатушыдан өнім сапасын айғақтайтын анықтама талап еткені жөн. Мұндай зартханалық құжат бақша дақылдарын сатып жатқан әр саудагердің қолында бар. Өйткені базарға әкелінген жеміс-жидектерден тұрақты түрде сынама алынып, міндетті зертханалық тексеру жүргізіледі.

Татьяна Вязьмина – «Фитосанитария» ШЖҚ РМК СҚОФ сынақ зертхана меңгерушісі:

– Южный базарына әкелінген барлық жеміс-жидектер біздің зертханадан өтеді. Біз химиялық қосындылардың бар-жоқтығы анықтаймыз. Мәселен, қарбыздың құрамындағы нитрат мөлшері 1 кг-ға 60 млг-нан аспауы тиіс. Біздің бүгінгі сынама нәтижесі 58 млг-ды көрсетті. Яғни адам ағзасына еш зияны жоқ.

Мұндай зертханалық сынаманы кез келген тұтынушы мамандарға келіп жасай алады. Бірақ бұл қызмет ақылы түрде жүргізіледі. Құны 625 теңге. Айту керек, «Южный» базарында бір сатушы күніне шамамен 10-15 қарбыз саудалайды. Келісінің бағасы қазір 110-120 теңгені құрап тұр.

Анатолий Пустыльников – қала тұрғыны:

– Қазір қарбыздар дәмді сияқты көрінеді. Өзім бірінші рет алып тұрмын. Сатушылар өздері таңдап берді. Үйге барып бағасын бере жатармыз.

Қарбыз маусымы басталғанымен, қала тұрғындары бұл өнімді тұтынуға әлі де асығар емес. Өйткені қазір оның пайдасынан зияны басым дейді олар.

–  Биыл біз бақша дақылдарын сатып алған жоқпыз. Себебі әлі ерте. Тамыз айында сатып аламыз.

– Қарбыз жеуге асықпаймыз. Әлі піспеген. Нитраттар да көп.

– Өткен жылдары балаларымыз қарбыздан уланып қалған. Қазір оның құрамында химиялық заттар көп қой. Сондықтан, алмаймыз. Оның дәмін жаздың соңына қарай бір татармыз.

Айгерім Ержанова