Ауыл шаруашылығы

Петропавл қаласындағы қоғамдық кеңестің 14-ші отырысы өтті

Тақырып төркіні жер кодексіндегі өзгерістер. Еске сала кетейік, Елбасы келесі жылға дейін жер кодексіне мораторий жариялаған болатын. Осы ретте өзгерістер мен жаңашылдықтарды халыққа түсіндіру шаралары қазір белсенді жүргізілуде.

Бахытжан Сәмиева – Петропавл қаласындағы қоғамдық кеңес төрайымы:

– Бұл заңды халық білуі керек. Осы қоғамдық кеңестің отырыстары арқылы жерлестеріміз ақпараттарды толыққанды ести алады. Түйткілді мәселелерді түсіндіру бізге жүктелген.

Қазіргі таңда өңірімізде шетелдік азаматтарға жалға берілген жер телімдері жоқ екен. Оған тек өзіміздің отандастарымыз, яғни қазақстандықтар иелік етуде. Ал шетелдіктерге уақытша қолданысқа берілген алқаптар Ақтөбе облысында көп. Шамамен 30 мың гектар.

Павел Афанасьев – Петропавл қаласындағы қоғамдық кеңестің тұрақты комиссия төрағасы, заңгер:

– Халық заңды дұрыс түсінбегендіктен сары уайымға салынды. Сол себепті қазір біз қоғамға түсіндіру шараларын жүргізіп жатырмыз. Еліміздің бүгінде 100 млн гектарға жуық бос жер бар. Оның 65 мың гектарға жуығы шетелдік азаматтарға уақытша жалға берілген.


Бүгінде Петропавл қаласының аумағы 22 мың 500 гектарды құрайды. Оның 9,3 гектары ауылшаруашылығы бағытындағы. Жыл басынан жер комиссиясының 24 отырысы өтіп, 777 адамға жеке баспана тұрғызуға 20 жер учаскесі беріледі деп шешілді.

Жомарт Еркін – Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда өзіне берілген жерлерге салғырт қарайтындар көптеп кездеседі. Біз сотқа 46 талап арыз бердік. Оның 20-сы орындалып, нәтижесінде 2 гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қоғамдық кеңестің келесі отырысында білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы мен қоғамдық көліктердің жағдайын талқыламақ.

 

Риат Шони