Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астана ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясының өкілдері туроператор жетекшілерімен кездесті

Ол үшін ел аумағында тіркелген туроператорлар мен турагенттіктер қызметтердің сапасын жақсартып, клиенттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндеттеледі. Және заң бойынша қызметтерін жүзеге асыру үшін өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруы қажет.

Галина Козлова – “Турист” ЖШС директоры:

– Біз осыған дейін сақтандыру компаниясына 70-80 мың теңге төлеп келген едік, ал қазір шарт 500 мың теңгеге шарықтап кетті. Бұл соманы төлеуге шамамыз жетпейді. Себебі табысымыз соншалықты көп емес. Менің ойымша, сақтандыру компаниялары өз беттерінше әрекет жасамай, қолданыстағы заң нормаларына бағынуға тиісті. Мүмкін Астана мен Алматыдағы туроператорлар 500 мың теңгеге келісетін шығар, бірақ біздің өңір үшін бұл үлкен сома.

Бүгінде Қазақстан Қытайдың 3000 туроператорымен келісім-шарт жасасты. Биыл жазда елімізге аспан асты елінен 200 мың шетелдік турист келеді деп жоспарлануда. Шетелдіктерді елімізге 56 туроператор шақыртуға құқылы. Себебі олар сақтандыру компаниясының азаматтық-құқықтық жауапкершілік шартына қол жеткізіп, өз бизнестерін жүргізуге мүмкіндік алды.

Роза Асанбаева – “Астана ЭКСПО-2107″ ҰК” АҚ туризмді жылжыту департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы:


– Сақтандыру – бұл да бизнестің бір түрі, қаржылық сектор. Өткен жылы көп туроператор заң талаптарымен келіспей, лицензияларынан бас тартты. Бұл дұрыс емес. Керісінше, нарық талабына бейімделіп, қызмет сапасын жақсартуға ұмтылу керек. Сонда ғана айналысып жүрген істен көп пайда табуға болады.

Мол табыстан қағылғысы келмеген туроператорлар қазірден бастап мүмкіндіктер аясын кеңейткені абзал. Және келер 2017 жылы “ЭКСПО” халықаралық көрмесіне шетелдік меймандарды көптеп тартуға атсалысуы қажет. Осылайша олар бизнестерін ілгерілетіп қана қоймай, ел экономикасының серпіліс алуына үлес қосады.

Берік Қасен