МТРА жаңалықтары

23-маусым полицейлердің төл мерекесі

Ерлер мен әйелдерге арналған колонияларда сотталғандарды түзетуге өз үлестерін қосып жүрген бірқатар қызметкерлер осы залға жиылған. Төл мерекелері қарсаңында оларға Ішкі істер министрі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының алғыс хаты мен құрмет грамотасы табысталды.

Қала сыртындағы ЕС 164/3 мекемесі бастығының орынбасары, подполковник Айқын Баженов адал қызметі үшін төс белгісін иеленді. Ал, дәл осы түзету мекемесінің фельдшері Ерден Абулғазин әділет капитаны шенін алды. Министрліктің қаулысымен “Қылмыстық-атқару жүйесінің үздік қызметкері” атанды. Капитан сотталушылармен 17 жылдан артық жұмыс істеп келеді.

Ерден Абулғазин, ҚР ІІМ ҚАЖК ЕС-164/3 мекемесінің фельдшері:

– Сотталғандардың денсаулығын қадағалаймыз. Әрине жұмысымызда қиындықтар болып тұрады. Бірақ өз ісімізді атқаруға міндеттіміз. Бүгін еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын.

Қылмыстық атқару жүйесінің зейнеттегі 15 ардагеріне құрмет грамотасы табысталды. Міндетін адал атқарған жас мамандар да марапаттан құр қалған жоқ.

Рустам Елеукин, СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің режим жәнен қадағалау бөлімінің аға жедел уәкілі:

– Бала кезімнен осы форманы киіп, полиция қызметкері болуды армандадым. 2004 жылдан бері осы салаға жең түре кірістім. Бүгін міне адал атқарған қызметім үшін және Қазақстан полиция күнін мерекелеуге байланысты ҚР ІІ министірінің грамотасымен марапатталдым.

Осы күні облыстық филармонияның өнерпаздары қылмыстық-атқару жүйесі органының қызметкерлеріне арнап әннен шашу шашып, ерекше ықыластарын көрсетті.

Акбопе Танирберген