Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың 3-ші сессиясы өтті

Қаржы басқармасы басшысының айтуынша, облыстық бюджеттің 41,1 пайыз қаражаты әлеуметтік салаларға бағытталыпты.

Ескен Әкімжанов – СҚО Қаржы басқармасының басшысы:

– 2015 жылы облыс бюджеті 117 млрд. 100 млн теңгені құрады. Мемлекет қазынасына 13 млрд 777 млн теңге кіріс түсті. Өткен жылы облыстық бюджет 99,7 пайызға орындалды. 2015 жылы қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаларға бағытталды. Білім, денсаулық, мәдениет және әлеуметтік қамту салаларына 34 млрд 329 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Былтыр білім, мемлекеттік кірістер департаменті, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс салаларында қаржыны игеруге қатысты біраз заңбұзушылықтар тіркеліпті. Жалпы 317 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұдан кейін 2015 жылға арналған СҚО-сы аумағын дамыту бағдарламасының Есіл және Тимирязев аудандарында орындалу барысы тыңдалды.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:


– Есіл ауданында 5 көрсеткіш бойынша жоспар толығымен орындалмады. Атап айтсам, жұмыссыздар санын азайту, инвестициялық жобаны орындау, еңбекке жарамды мүгедектектерді жұмысқа орналастыру, мемлекеттік тілде іс жүргізу бағыттарында жоспар толығымен орындалмады.

Былтыр депуттардан құралған жұмыс тобы Есіл ауданында болып, әлеуметтік саланың дамуын байқаған. Олар да аталмыш ауданда түрлі сала бойынша өсімнің барын айтады.

Юрий Белоног – облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссияның мүшесі:


– Есіл ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артуда. Сүт, күнбағыс майын, балықты өңдейтін цехтар ашылып, тұрғындарға жұмыс берілуде. Осыған қарап біз ауданға жақсы баға бердік. Бірақ кемшілік те жоқ емес. Ауданнан көшіп кетушілер көп, табиғи өсім аз. Ауылішілік, аудандық маңыздағы жолдар нашар күйінде қалып отыр.

Жол, су мәселесі Тимирязев ауданында да кездеседі. Аталмыш ауданда өлім көрсеткіші төмендемей отыр. Дәрігерлер тапшылығы бар.

Сессия барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға, атап айтсақ, еңбек ардагерлері Қожахмет Балахметов, Ғазиз Есмұқанов пен қоғам қайраткері Иван Куропаткинге “СҚО Кұрметті азаматы” атағын беру туралы шешім шығарылды.

Берік Қасен