Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласы үздіксіз даму үстінде. Барлық емдеу мекемелері жаңа, заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, материалдық-техникалық базалар нығая түсуде. Бұл туралы ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтаған өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Құрметті ардагерлер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Соңғы жылда өңірдегі медицина саласының дамуы тың серпіліс алды. Жыл сайын қаржыландыру артып, жаңадан емдеу мекемелері салынып жатыр. Ауылдық жердегі медицинаның дамуына аса көңіл бөлінуде. Өткен жылы өңірімізге 68 жас маман жұмыс істеуге келді. Оның 24-і – селолық округке. Олар баспанамен қамтылып, көтермеақы алды. Сондай-ақ, облыста өлім-жітім көрсеткіші 12 пайызға төмендеді. Бұл сіздердің, ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбегінің арқасында.

Кейін көптен күткен маңызды сәт те келіп жетті. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов кәсіби мерекелері қарсаңында ұзақ жылғы және адал еңбегі, облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін 6 азаматқа Құрмет грамотасын табыс етті. Қошеметке бөленгендердің қатарында Облыстық аурухананың хирург-дәрігері Азат Мәкенов те бар. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман медицина саласында 20 жыл бойы қызмет етіп келеді.

Азат Мәкенов – Облыстық аурухананың хирург-дәрігері:


–  Марапатқа ие болғанымен өте қуаныштымын. Қазір мемлекет тарапынан медицинаға деген қолдау үлкен. Салаға жыл сайын қаржы бөлініп тұрады. Кезінде, 20 жыл бұрын мен еңбек жолымды жаңа бастағанда бұндай жағдайлар көп жасалына қоймайтын. Құрал-жабдықтар үнемі жаңарып отырады. Бұл, әрине, біздің жұмысқа да оң әсерін тигізуде.

Сондай-ақ, 8 маман облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Файруза Садвокасова СҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығында зертханашысы болып қызмет етеді. Еңбек өтілі – 15 жыл. Кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болғаным үшін алғысым шексіз дейді нәзік жанды.

Файруза Садвокасова – СҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығының зертханашысы:

– Біз зертханада адам өмірімен байланысты бүкіл дүниеге сараптама жасаймыз. Судан, азық-түліктен, құрылыс материалдарынан сынамалар алып, зерттейміз. Қазіргі таңда сарапталарда ешқандай олқылықтар жоқ. Бүгін, міне, еңбегім еленіп марапатқа ие болып жатырмын. Ол үшін алғысым шексіз. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын.

Бұл күні бірқатар азамат “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісін де иеленді. Олардың қатарында Айыртау орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Саят Молдахметов те бар.

Саят Молдахметов – Айыртау орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері:

 

– Осы 25 жылда медицинаның өскеніне көзіміз айғақ. Қазіргі таңда жүрекке ота жасалып, буын ауыстырылып, жаңа қондырғылар енгізіліп жатыр. Бұл тек біздің елді, біздің Қазақстанда.

Ауырып ем іздегенде әрқашанда жанымыздан табылатын дәрігерлерге қандай мақтау айтсаң да жарасады. Адам жанының арашашысы бола білген сала ардагерлері де бүгін қошеметке бөленді. Жиын дәрігерлердің ән шашуымен аяқталды.

Риат Шони