Білім

Түлектер мектеппен қоштасу кешіне қызу дайындық үстінде

Алина Смердова- №17 Ұлттық өркендеу мектебінің түлегі:

-Мектеппен қоштасу кеші және аттестат алу сәті өмірде бір рет қана болады. Сондықтан оған жақсылап дайындалу керек. Өзгелерден ерекше болып, әдемі көріну үшін мен бүгін бірнеше макияж бен шаш үлгісін жасатып көрдім. Қазіргі өзімнің образым ұнады. Салтанатты кешке осылай барамын деп отырмын. Мен тегін оқуға грант жеңіп алып, ата-анама осындай сыйлық жасадым. Сондықтан олар да керегімді алуға рұқсат етті.

Дәл осындай шаш үлгісін Алина 6 мың теңгеге жасатып, нақ сондай бағаны макияж үшін берген. Бүгіндері түлектің кешке баратын көйлегі де дайын. Ол оны 3 ай бұрын 75 мыңға алыпты. Визажистердің айытуынша, түлектер бет әрлеу жұмыстарына аса мән беретін көрінеді. Биылғы жылы түстерге де шектеу жоқ.

Елена Гусельникова- «Гримерка» сән салонының визажисті:

-Былтыр қызғылт түстер сәнде болса, биыл қоңыр түстермен боянуға болады. Және табиғи макияждардан гөрі, ашық макияж сәнде. Яғни бір қадалып қалған заңдылық жоқ. Түлектердің өздері де көптеген макияж үлгілерін ойластырып, соларды жасағанын қалайды.

Талай жылдан бері шаш үлгісін жасап келе жатқан Наталья Орлова мектеппен қоштасу кеші күнгі жұмысымыз таңғы 6-дан басталады дейді. Жазылған жандардың саны көп. Сондықтан барлығын сәндеп үлгеру қажет.

Наталья Орлова- «Гримерка» сән салонының шаштаразы:

-Бұл күн біздер үшін де ерекше қобалжулы. Себебі, мектеппен қоштасу күні барлығы ерекше болып көрінгісі келеді. Сондықтан қыздар құлпырып жүруі үшін барамызды саламыз. Жасаған шаш үлгісі күні бойына сақталып, әдемі қалпында қалу үшін аянып қалмаспыз.

Алина Смердова мектеппен қоштасу кешіне сақадай сай отырса, Любовь Курбатова әлі көйлек қана алып үлгеріпті. Сәнді киімін ол күнде қарап, оны киер сәтті асыға күтіп жүр. Нәзік жанды әлі жұмыс бастан асады дейді.

Любовь Курбатова- облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицейінің түлегі:

-Мектеппен қоштасу кешіне көйлегім дайын. Бірақ әлі жұмыс көп. Тырнақ жасатуым керек. Тағы көйлекке лайықты шаш үлгісін қарастыру қажет. Соны қазір достарыммен ойлап жатырмыз.

Сонымен қарап отырсақ, мектеппен қоштасу кешіне балғындардың ата-аналары біраз шашылуы керек. Орта есеппен алғанда бұл күнге олар 250 мың теңгеден астам қаржы жұмсайды. Баласының қас-қабағына қарағандар, бұдан да мол қаржы бөліп жатыр. Жалпы бұл күні өңірдің 3684 түлегі мектеппен қоштасу кешіне қатысады.

 

 

Магжан Ахмадина