Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл СҚО-да су, жылу құбырлары мен кәріздік желілердің көп бөлігі жөнделмек

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-“Қызылжар су” кәсіпорны Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісім-шарт жасасты. Қазіргі таңда 3,5 млрд теңге субсидия алдық. Бұдан басқа су құбырлары және кәріздік желілерді күрделі жөндеуге 3 млрд теңге несие түріндегі заем алынды. Алдағы 3-4 жылда кәріздік желілердің тозу көрсеткішін 48 пайызға, ал су құбырлары бойынша 58 пайызға төмендетуді көздеп отырмыз.

Өңір жетекшісі 2-ші жылу электр орталығының жұмысын да ерекше атап өтті. Аталмыш кәсіпорын директоры Виктор Барминнің айтуынша, үстіміздегі жылы 8 жылу агрегаты жөнделеді. Оның 3-еуі толығымен жаңартылмақ. Осы күні облыс әкіміне “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС бас директоры да есеп берді. Биыл шаһарымызда жылу құбырларының 12,6 шақырымы жаңартылмақ. Бүгінде соның 5 шақырымға жуығы алмастырылыпты.

Игорь Рыбас – “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС бас директоры:

-Еуропалық қайта құру және даму банкінен алған қаражат пен мемлекеттен бөлінген субсидия есебінен биыл 1 млрд 900 млн теңге қаржыны игеру жоспарлануда. Біз осылайша әбден тозығы жеткен құбырларды алмастырып, қыста орын алатын апаттық жағдайлардың санын едәуір азайтамыз.

Осы тұста өңір жетекшісі облыс орталығында сапалы жылу құбырларының орнатылып жатқандығын атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

-Бүгінде жылу және су құбырларының сапасына ерекше мән берелуде. Қазіргі орнатылып жатқан құбырлар 50 жылға шыдас береді. Алдағы уақытта ашық қалған құбырларды жылу оқшаулау материалдарымен қаптап, жылу шығынын азайту қажет. Біз бұл жұмыстардың тиянақты атқарылуын ұдайы тексеріп тұрамыз.

Жиын барысында аймақ басшысы шаһарымыздағы әлеуметтік маңызы бар нысандар мен 1050 көпқабатты үйдің барлығында жуып-шаю жұмыстары қазанның 1-іне дейін аяқталсын деді. Сондай-ақ, тұрғындар осы жылдан қалмай көпқабатты баспаналарына жылу есептегіш құралдарын орнатып алғаны абзал. Себебі, 2017 жылдың қаңтар айынан елімізде жылуға дифференциалдық тариф енгізіледі.


Берік Қасен