Қоғам

Биыл еліміздің шипажайларында теріскейлік 250 ардагер мен зейнеткер демалады

Ефросинья Лосева – тыл еңбеккері:

-Мен өзім осында 11-ші күн денсаулығымды түзеп жатырмын. Бізге дәрігерлер күнделікті ем-дом жасайды. Менің екі аяғым қақсайтын. Қазір шипажай қызметкерлерінің арқасында жағдайым жақсарды. Сол үшін дәрігерлердің көмегіне мың алғыс.

Петропавлда орналасқан “Транссиб” шипажай-профилакториі 75 орынға шақталған. Сауықтару орнына жылына 1200-ден аса адам келеді екен. Мұнда азаматтардың дерттеріне шипа болатын түрлі ем-шаралар қолданылады. Мәселен, қонақтар мына токпен емдеу бөлмесінде заманауи құрылғылардың көмегімен қан айналымын жақсарта алады. Ал, мына залда келушілер құрғақ көмірқышқыл ваннасын қабылдайды.

Наталья Радионова – “Транссиб” шипажай-профилакториінің аға медбикесі:

-Біз “Транссиб” шипажай-профилакториіне келушілерді түрлі медициналық тәсілдер арқылы емдейміз. Қонақтарымызға 3 дәрігер мен 13 медбике қызмет көрсетеді. Олар демалушыларды сауықтыруда ине, магнит және минералды тұздарды қолданады. Шипажайға жыл сайын заманауи құрылғылар сатып алынады. Қазір бізде балалар дем алуда. Осы жазда 250 жеткіншекті қабылдаймыз.

Солтүстікқазақстандық ардагерлер мен зейнеткерлер жыл сайын мемлекет қаржысына еліміздің санаторлық-шипажайларында денсаулықтарын түзейді. Биыл жерлестеріміздің ем-домына қалалық қазынадан 30 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.

Гуля Маменова – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Жерлестерімізді денсаулықтарының жағдайларына қарай еліміздің кез келген шипайжайына жібереміз. Қазір республикамыздың емдеу-сауықтыру орындарында 61 өңір тұрғыны емделуде. Олардың қатарында ҰОС қатысушылары, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан азаматтар бар.

Енді жыл соңына дейін еліміздің санаторлық шипажайларында тағы 189 жерлесіміз ем қабылдамақ.

 

 

Култанов Байболат