Қоғам

Петропавлда жылу магистралі жарылып, бірнеше үй су астында қалды

Людмила Краснолуцкая – Крепостная көшесінің тұрғыны:

-112 нөміріне хабарластым. Олар маған жылужелілеріне хабарласыңыз деді. Бірақ, сол жердің мамандары ұзақ уақыт бойы телефонды көтерген жоқ. Түнгі 3-те ғана қоңырауыма жауап берді. Үйдің ішінде будан түк көрінбеді, оның үстіне, демалу да қиын болды. Осылайша, түнгі ұйқымыз бүлінді.

Оқиға орнына бір сағаттан соң 10 маман мен 6 бірлік техника келген. Дәл қазір олар көрші үйдің жер төлесіндегі суды шығарып әлек.

Ал Пушкин көшесіндегі 128-ші үйде су деңгейі 30 см-ге дейін көтерілген. Бұл үйдің тұрғындары түнде, тіпті үйдегі кішкентай балаларды туыстарына апаруға мәжбүр болған. Ал өздері жиһаздарын жинап, баспаналарын қалыпқа келтіруге тырысып баққан.

Владимир Бейс – Пушкин көшесінің тұрғыны:

-Су әлі келіп жатыр. Үйіміз моншаға айналды. Ыстық. Тіпті, бірнеше желдеткіш қосып қойдық. Енді қабырғадағы түсқағаздарымызды не істейтінімізді білмейміз.

Мына жертөледен 10 машина, ал ауладан 13 машина су шығарылған. Бұл оқиғадан зардап шегушілерге қандай да бір қаржылай көмек беру жоспарда жоқ. Өйткені, тарифте қарастырылмаған,- дейді «Петропавл Жылу Желілері» серіктестігінің мамандары. Бірақ, заңгер Павел Афанасьевтің айтуынша, жәбірленушілер сотқа шағым түсіруге құқылы. Осылайша, олар материалдық және моральдық шығынды қайтып ала алады екен.

Павел Афанасьев – заңгер:

-Заң бойынша зардап келтіруші жапа шегішуге барлық шығынын өтеуге міндетті. Бұл ретте «Петропавл Жылу Желілері» серіктестігі зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетулері қажет. Яғни, олардың барлық шығындары есептеліп, тиісті қаржы берілуі тиіс. Бұны сот алдына жеткізбей, екіжақты келісім арқылы шешуге болады.

Апат бірінші магистарльдағы жылусымдарының тесілу салдарынан орын алыпты. Айту керек, бүгінде облыс орталығындағы жылу желілерінің 73 пайызының тозығы жеткен.

Игорь Рыбас – «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас директоры:

-Жерасты сулары өте жоғары орналасқан. Сол себепті, біз шамамыз жеткенше оны шығаруға тырыстық. Дегенмен, ол жер әлі де батпақ болып жатыр. Қазір апат орын алған жерде суды шығарудан басқа әрекеттер жасалып жатқан жоқ.

Жалпы биыл облыс орталығында жылу желілерінің 12 шақырымы жаңартылмақ. Бүгінде оның 4 км-і жөнделген.

 

 

Айгерим Ержанова