Денсаулық сақтау

Облыстық кардиологиялық орталықта жыл басынан 1800-ге жуық адам ем-дом қабылдады

Жалпы Михаил Телюктің өңіріміздің кардиология саласында еңбек еткеніне 40 жылдай болған. Оның 28 жылын қарқынды терапия блогының меңгерушісі қызметіне арнаған. Айта кету керек, бұл бөлімше 1988-ші жылы ашылыпты.

Михаил Телюк – Кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия блогының меңгерушісі, СҚО Құрметті азаматы:

-Бұл мекеменің ашылуы адамдардың өлімін қысқартты. Бұған дейін инфаркт алған адамды дәрігер құтқара алмайтын. Ал қазір дәрігерлердің қолынан ол келеді. Сонымен қатар, жедел-жәрдем қызметіндегілер де тиісті көмек көрсете алады. Біз олармен етене жұмыс жасаймыз. Біздің жұмыс ұйымшылдықты талап етеді. Былайша айтқанда команда болмаса, жалғыз дәрігер науқасқа көмек көрсете алмайды.

Науқасты ажал аузынан аман алып қалу – дәрігердің басты міндеті. Жылына қарқынды терапия блогындағы ақ халатты абзал жандар 20-ға жуық адамға ота жасайды. Айтуларынша, ауырған кезде мамандардың көмегіне уақытылы жүгіну керек.

Михаил Телюк – Карлиологиялық орталықтың қарқынды терапия блогының меңгерушісі, СҚО Құрметті азаматы:

-Бір жас адам артериалды қан қысымының көтерілуіне қарамастан шылым шегіп жүрген. Ол оқиға 1994-ші жылы болды. Әлгі 34 жастағы ер жігіт асқынған миокард инфарктісін алып, жүрегі тоқтап қалған. Оны үйінде бір сағаттай реанимацияладық, кейін осында алып келіп мұнда 10 минуттай тиісті шараларды жасадық. Қазір ол азамат аман-есен, өз жақындарының ортасында жүр.

Кардиологиялық орталықтың ашылуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдете түсті. Замануаи қондырғылар алынып, ұжымға жаңадан білікті жас мамандар келді. Облыстың Құрметті азаматы Михаил Телюк жас мамандарға өзінің бар білген-түйгенін үйретіп, әрқашан да тек ұстаз емес сонымен қатар, жәрдемдесетін дос та бола біледі.

Асхат Молжігітов – Кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

-Мен 2009-шы жылы оқуымды аяқтап, кардиологиялық орталыққа қарқынды терапия блогына кардиореаниматолог дәрігер болып жұмыс істеуге келдім. Мұнда мені блоктың меңгерушісі Михаил Телюк қарсы алып, жақсы ұстаз болды. Қазір сол кісінің арқасында 1-ші дәрежедегі кардиолог дәрігермін. Михаил Петрович маған бұл істе көп үйретті.

Дәрігерлердің сөзін науқастар да растай алады. Александр Семенько Тайынша ауданынан ауыр халде мекемеге маусымның 8-і күні жеткізіліпті. Ол жан сақтау бөлімінде 1 сағаттай болып, кейін ота жасалған екен. Қазір денсаулығым жақсарды дейді.

Александр Семенько – науқас, Тайынша ауданы:

-Мен мұнда жеткізілгенде есімнен танып жаттым. Дәрігерлер тез арада не болғанын анықтап, операция жасады. Шынымды айтсам, Михаил Телюк дәрігер емес, ол – сиқыршы. Мені о дүниеден қайтарып алды. Егер де ол болмағанда кім біледі, осылай отырмас та едім. Сол себепті, Михаил Петровичке алғысым шексіз.

Науқасты бұған дейін жүрегі еш мазаламаған. Тек аздап шаншулар болыпты. Александр оған назар аудармаған екен. Дәрігерлердің айтуынша, жүрегің аздап мазаласа да бірден қаралу қажет. Өйткені, өмірдің әр минуты адам үшін өте маңызды.

 

 

Риат Шони