Білім

Облыс бойынша 488 түлек ҰБТ-дан сүрінді

Анар Волкова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Тестілеуге барлығы 2352 мектеп түлегі қатысты. Бұл жалпы 11 сынып оқушыларының 63,84 пайызы. ҰБТ-ы қорытындысы бойынша облыста орташа балл 79,1-ді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,13 ұпайға жоғары. Биыл “Алтын белгіге” үміткер 125 түлектің 56-сы ғана өз білімін тиісті деңгейде көрсете алды. Сонымен қатар 26 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді.

Тестілеу өткеннен кейін келесі күні аппеляциялық комиссия мүшелерінің жұмысы қызған болатын. Мұнда түлектер күмәнданған 50-ге жуық сұрақты қайта қарауға өтініш білдірді. Оның нәтижесі бойынша тек алтауы ғана қанағаттандырылды.

Анар Волкова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Облыс бойынша ең үздік көрсеткішке қалалық бірінші жалпы білім беретін лицейдің түлегі Валерия Кревсун қол жеткізді. Оқушы 123 ұпай жинады. Ал мектептер бойынша бірінші орында – қазақ-түрік лицейінің түлектері. Орташа ұпай -104,1. Аудандарда Уәлиханов ауданының оқушылары көш басында. Олар 86,67 балл жинады. Ең соңғы орында – айыртаулықтар. Жалпы ҰБТ кезінде өрескел заңбұзушылықтар болған жоқ. Аудиториядан қуылған түлектер тіркелмеді.

Биыл шектік 50 ұпайды жинай алмаған түлектердің саны 488-ге жетіп отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 63-ке төмен болған. Енді олар тамыз айында сынақты ақылы түрде қайта тапсыра алады. Бірақ, олар жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігінен айырылады.

 

 

Риат Шони