Спорт

Тимирязев ауданында ұлттық ойын түрлері бойынша ХХ облыстық спартакиада өтті

Тимирязев ауданында ұлттық ойын түрлері бойынша спартакиада алғаш рет өтіп отыр. Сондықтан болар айтулы дода сәні мен салтанаты жарасқан театрландырылған шарадан басталды. Ортада қазақы дәстүрге сай өнер көрсеткен ұл-қыздар көпшіліктің қошеметіне бөленді. Міне, аудан командаларының шеруіне де кезек келді.

Кейін, жиналғандарды аудан әкімі Еркін Базарханов ұлттық ойын түрлері бойынша ХХ облыстық спартакиаданың ашылуымен құттықтады.

Еркін Базарханов – Тимирязев ауданының әкімі:

-Өңірімізде жыл сайын ұлттық ойын түрлері бойынша спартакмада өткізу дәстүрге айналған. Биыл бұл дода біздің Тимирязев ауданында ұйымдастырылып отыр. Сайыс қатысушыларына сәттілік тілеймін!

Бұдан соң жарыс алауы тұтанды. Оны ортадан алып өту міндеті қазақ күресінен бірнеше дүркін облыс чемпионы Олжас Жәкетовке жүктелді. Шара соңы от шашумен аяқталды.

Келесі күні жарыс қазақ күресінен басталды. Боз кілемде төс қағыстырған палуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Дәл қазір ортада 100 келідегі жамбылдық Дәурен Нұрғожин мен қызылжар аудандық Тағайбек Арапбаев белдесуде. Міне, қызыл шапандағы палуан кездесудің соңында қарсыласына тамаша әдіс жасап маңызды ұпайларға қол жеткізді. Осылайша Дәурен Нұрғожин бұл сында жеңімпаз атанды.

Дәурен Нұрғожин – жарысқа қатысушы палуан, Жамбыл ауданы:

-Финалдық кездесу өте қиын болды. Қарсыласым мықты палуандардың бірі.

Бұл сайыста сондай-ақ Түйе палуан иегері де анықталды. Ол жуырда ғана «Қызылжар барысы» турнирында қарсылас шыдатпаған жерлесіміз Алтынбек Аусағитов. Уәлиханов ауданының спортшысы додадағы жеңісіне басты сыйлық қойға ие болды.

Алтынбек Аусағитов – Түйе палуан, Уәлиханов ауданы:

-Жарыста 4 кездесу өткізіп барлығында жеңіске жеттім. Енді “Қазақстан барысы” турнирына дайындалам.

Финалдық сайыс жекпе-жектен ұйымдастырылды. Мұндада 16 спортшы 8 салмақ бойынша бақ сынауда.
Ортаға ең алдымен 55 келідегі есілдік Темірлан Бектасов пен Мағжан Жұмабаев ауданының спортшысы Мағжан Зағыпаров шықты. 2 раундтан тұратын жекпе –жек тартысқа толы болды. Дегенменде кездесудің соңында Мағжан Зағыпаров төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Мағжан Зағыпаров –жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

-Менімен кездескен бала өте мықты қарсылас. Алайда мен өзімнің дайындығымның арқасында жеңіске жеттім.

Ұлттық ойын түрлерін ат спортынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені қыз қуу, бәйге сынды сайыстар көрерменнің делебесін қоздырады. Міне, көкпарда солардың қатарында. Қазір ортада тайыншалықтар мен шал ақындық жігіттер күш сынасуда. Олар 20 минуттан тұратын 2 таймда барынша көп салым салулары тиіс. Алаңдағы серкенің салмағы 35 келі. Міне, тайыншалықтар кездесудегі өздерінің алғашқы ұпайларына қол жеткізді.

Көзді ашып жұмғанша қызықты ойын аяқталып қалды. Кездесудің қорытындысы бойынша Тайынша ауданының көкпаршылары қарсыластарынан 9-да 2 есебімен басым түсті.

Ерік Боқбасаров – көкпаршы, Тайынша ауданы:

-Біздің құраманың жасақталғанына 8 жыл. Сол уақытта 4 рет облыс чемпионы атандық. Биылда бас жүлде аламыз деген ой бар.

Көрермендер көптен күткен ат жарысыда осында өтті. Мұнда ең алдымен шабандоздар “Ұшқыр бәйгеде” бақтарын сынады. Жарыс жолына шыққан 8 тұлпар 1600 метрді бағындырғанша тартыс ұйымдастырды.

Мұрат Қалықов – ат спорты түрлерінен ОБЖСМ директоры:

-Бұл бәйге жарысына өңіріміздің 13 ауданынан аттар қатысып отыр. Олардың жалпы саны 50-ден асады.

Бұдан соң, атбегілер “Жорға жарыс”, “Жергілікті тұқымдас аттардың сайысында” тұлпарларының шамаларын байқап көрді. Бұл “Аламан бәйге”. Мұнда 11 шабандоз ауыздығымен алысқан аттарымен 12 шақырымға шапты. Міне, Мамлют ауданынан Евгений Чибисов тізгіндеген көк шұбар жылқы алдына қара салмай бірінші келді.
Қазір бірер сәттерден кейін төрешілердің шешімінен кейін жеңімпаз команда анықталмақ. Сонымен үшінші орынды 160 ұпай жинаған Есіл ауданының спортшылар иеленіп, 50 мың теңгеге қол жеткізді. Қоржынына 163 ұпай жиған тайыншалық құрама екінші сатыға тұрақтады. Оларға 100 мың теңгенің сертифаты табысталды. Ал, дода жеңімпаздары Шал ақын ауданының командасы. 223 ұпайы бар чемпиондарға 150 мың теңге ақшалай жүлде табысталды. Жиын соңында спартакиада туын тимирязевтықтар уәлихановтықтарға табыстады. Келер жылы аталған сайыс Уәлиханов ауданында өтеді.


 

Култанов Байболат