МТРА жаңалықтары

“Петропавл жылу желілері” ЖШС тозығы жеткен құбырларды алмастырып жатыр

Александр Захарьян – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

-Осы жылы біз әр түрлі диаметрдегі ұзындығы 12,7 шақырым құбырды алмастыру қажетпіз. Оның 4 шақырымы магистральді. Бүгінде күнтізбелік жоспар бойынша жұмыстың 33 пайызы тындырылды. 233,4 км болатын жылу желілерінің қазір 15 пайызға жуығы гидравликалық сынақтан өтті. Ақаулары барлары жөнделді.

Жаңғырту жұмыстары үш жақтан қаржыландырылуда. Атап айтсақ, кәсіпорынның тарифтері, мемлекеттен бөлінген субсидия және де Еуропа Қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен. Жоспар бойынша 2016-2020-шы жылдар аралығындағы жөндеуге 12,5 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Игорь Осняч – “Петропавл жылу желілері” ЖШС басқарма басшысы:

-Тариф бойынша түскен ақшаға біз Хименко көшесіндегі 5-ші жылу магистралін жаңғыртамыз. Ол жақта жұмыстар аяқталуға шақ қалды. Ал Еуропа Қайта құру және даму банкіні мен мемлекет берген субсидия есебіне 2-ші жылу магистралі мен 5-шінің бір бөлігі жөнделуде.

Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла. Кезекті жылыту маусымына бүгінде Петропавлдағы көпқабатты үйлер дайындалып жатыр. Сүтішев көшесі 18 мекен жайындағы “Полет-2” тұтынушылар кооперативі дайындық жөніндегі паспортты келесі аптада алмақ. Бұл ұйымға Ринат Гилязиденов 3 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Қарамағында 200 пәтер бар. Барлығына мына пункт арқылы жылу тарайды екен. Ол қазір тексерістен өтіп, сақадай сай тұр.

Ринат Гилязиденов – “Полет-2” ТК төрағасы:

-Жылыту маусымы алдында біз барлық үйде құбырларды жуып-шайдық. Ол әрине біраз қаражатты талап етеді. Тұрғындар керекті соманы жинап, жұмыстарды аяқтадық. Жалпы мынандай жылу пунктері 2 подъездге жылу таратады. 8 подъезде осындай 4 қондырғы орнатылған.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС облыс орталығында құбырларды жөндеу мен алмастыру жұмыстарын қыркүйек-қазан айларында аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Риат Шони