Білім

Жыл басынан облысымызда білім саласына қатысты 215 әкімшілік шара қолданылған

Жанат Жұмабаев – Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі:

-Ағымдағы жылы білім саласына қатысты 215 әкімшілік шара қолданылып, санитарлық эпидемиологиялық норманы бұзғаны үшін 203 ұйғарым шығарылды. Тексеріс барысында тағамдарды дайындаудың технологиялық тәртібі сақталмағандығы және азық-түліктің жарамдылығын растайтын құжаттардың болмағандығы анықталды.

Мұндай заңбұзушылықтар көбіне Ақжар, Уәлиханов және Мағжан Жұмабаев аудандарында орын алған. Ал облыс орталығындағы 4 мектепте балалардың өміріне қауіп тудыратын өнімдерді қолдану бойынша бірнеше факті тіркелген.

Жанат Жұмабаев – Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі:

-Петропавлдың 4 мектебінде оқушылардың денсаулығына қауіп тудыратын азық-түлік жеткізілген. Прокурорлар зиянды өнімдерді аспаздар қолданбай тұрып тәркілеп алды. Нәтижесінде 4 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды.

Жиында қаралған өзекті мәселелердің тағы біреуі, бұл – білім мекемелерінің жетіспеушілігі. Мәселен, бүгінде балабақша кезегінде 11 мыңнан астам петропавлдық бүлдіршін тұр. Бұл ретте кеңес мүшелері жергілікті әкімдік өкілдеріне мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытып, кәсіпкерлерді бақша құрылысына тартуға кеңес берді.
Бұдан бөлек, жиын барысында №31 толық емес орта мектептің 9-шы сынып оқушыларының да жайы сөз болды. Биыл олар білімдерін растайтын құжатсыз қала жаздаған. Өйткені, аталмыш білім ордасы 5 жылда бір рет өткізілетін аттестациядан бірнеше мәрте сүрініпті. Кейін сот шешімі бойынша, бұл мектепті бір айға лицензиядан айырған.

Татьяна Гапчич – СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы:

-№31 толық емес орта мектеп аттестаттаудан бірнеше рет өте алмады. Бұдан кейін сот оларды уақытша лицензиядан айырған еді. Бір ай уақыт өткен соң оларға лицензиялары қайтарылды. Бұл кезде 9-шы сыныптың оқушылары қаламыздағы 44-ші мектепке көшірілген болатын. Олар сол жерде емтихандарын тапсырып, тиісті құжаттарын алды.

Кеңес мүшелері алдағы уақытта білім саласындағы аталған мәселелерді шешу қажет екенін қадап айтты. Өйткені, облыс бюджетіндегі қаржының 60%-ы дәл осы салаға құйылуда. Мәселен, биыл өңіріміздің білім беру жүйесіне 49 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 млрд теңгеге көп.

 

 

Айгерим Ержанова