Балалар

Петропавлда жазғы демалыс маусымы ашылды

Динара Ипполитова, ата-ана:

-Қызым 3-ші сыныпты аяқтаған кезде де лагерьге барып қайтқан болатын. Үлкен қуанышпен, мәз болып оралған еді. Оған ұнағандықтан биыл тағы барғысы келді. Балалар әрқашан ізденісте болады, ойнап, көңіл көтереді. Тәрбиешілері де жақсы. Баланы сеніп тапсыруға болады.

8 жастағы Ақнәзік Іркеуланова да сөмкесін асынып қатарластарымен қызықты саяхат жасауға қамданып жатыр.

Ақнәзік Іркеуланова:

-Алғаш рет барғалы тұрмын. Көп достар табамын деп ойлаймын.

Балалар екіге бөлініп, 200 ұл-қыз «Достыққа», келесі бөлігі «Ақ қайың» жазғы сауықтыру лагеріне аттанды.
Енді мына балақайлар жазғы демалыстарының екі аптасын осы жерде өткізетін болады. Түрлі ойындар ойнап, шығармашылықпен айналысады. Алғашқы маусымға «Ақ қайың» лагеріне 180 бала келіп түсіп, бірден 7 жасаққа бөлінді. Әр топта жетекші, тәрбиеші, психолог және хореограф маманы бар. Мұнда уақытын қызықты әрі тиімді өткіземін деген жеткіншектерге бар жағдай жасалған. 5 реттік ас мәзірі дәрумендерге толы. Табиғат аясында ой-өрістерін кеңейтетін түрлі ойындар, байқаулар, спорттық шаралар ұйымдастырылады.

Лариса Гальчукова, “Ақ қайың” балалар сауықтыру лагерінің директоры:

-Біздің лагерьде 6-11 жас аралығындағы балалар келеді. Оның үстіне биыл жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жылы әрі әдемі корпустарымыз бар. Экологиялық шара, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Өңірдің 80 жылдығына арналған мерекелік қойылымдар әзірлейміз. Балалар басты мерекелерде өз өнерлерін көрсететін болады. Бүгін тренингтер өтеді. Оның барысында балақайларды бір-бірімен таныстырамыз.

Жалпы 5 маусымда Петропавл мектептерінің 6-15 жас аралығындағы 2 мыңға жуық оқушысы жазғы лагерлерде демалу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал жалпыға бірдей білім беру қорынан олардың 468-іне тегін жолдама қарастырылған.

 

Акбопе Танирберген