МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Қызылжар. Туризм – 2016» 1-ші өңірлік туристік көрме өтті

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:

-Айыртау ауданы Қазақстан туризмін дамыту концепциясына енгізілді. Ол табиғаты керемет өлкеміздің инфрақұрылымын жақсартуға, демалушыларға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жалпы туризм саласының дамуы ол экономиканың алға бастауы деп білемін. Сондықтан, барлықтарыңызды осы көрменің ашылуымен құттықтаймын.

Кейін салтанатты түрде көрменің таспасы қиылып, меймандар туристік фирмалардың ұсынып отырған қызметтерімен танысты. Ұйымдастырылған шараға ең көп делегация Ақмола облысынан келіпті. Көкшетаулықтар балаларға арналған лагерлер мен сауықтыру кешендерінің жұмысы жайлы айтуда. Бұл аймақтың әсем табиғатында демалуға тек жазғы маусымда ғана миллионға жуық адам сырттан қатынайды екен. Көршілеріміз Солтүстік Қазақстан өлкесінде де талай сұлу да көркем жерлер бар екендігін алға тартуда.

Шынарбек Батырханов – Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы:

-СҚО, біздің Ақмола облысын бір аймақ деп айтуға болады. Мемлекеттік ұлттық «Көкшетау» паркін алар болсақ, басы Ақмола облысынан басталып, табиғи жерлері осы солтүстік өңірге де кіріп отыр. Бізде 70 туристік фирма болса, соның көбінің бағыттар осы Айыртау ауданы арқылы өтеді. Айғаным қонысы, Шалқар тағы «Ботай» кешені бар. Ол ЮНЕСКО-ның тізіміне кіріп отыр.

Шынымен де Ақмола облысымен шектесіп жатқан Айыртау ауданы ерекше табиғатымен және тарихи құндылықтарымен белгілі. Бүгіндері мұнда 34 демалыс орны бар. Ал өткен жылы пантымен емдеу орталығы ашылды. Бұдан бөлек, теріскейдің өзге де туристік базалары бұл көрмеде өз нысандарын таныстырды. Алматы және Астана қалалары, тағы Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан келген қонақтар да табиғаты сұлу, көркем аймақтары жайлы баяндады. Шараға Ресейдің Омбы және Қорған облыстарынан да делегаттар келді.

Наталья Краснова – «Здоровье» шипажайлық-курорттық бірлестігінің директоры, Қорған облысы, РФ:

-Осыған дейін біз ресейлік туристер үшін Қазақстанға тур ұйымдастырған болатынбыз. Бірақ ,сол кезде біз тек Бурабайға ғана барғанбыз. Ал өзімізге жақын маңдағы сіздердің өңірлеріңізге алғаш рет келіп отырмыз. Енді әріптестігіміздің тамыры тереңге баратынына сенімдімін.

Ал бұдан соң көрмеге келген меймандар Айыртау ауданына жол тартты.

 

Магжан Ахмадина