МТРА жаңалықтары

Өңірде “Темір жол – темір тәртіп” атты акция өтуде

Бүгін полиция инспекторы Серік Қасенов кезекшілік атқаруда. Көші-қон қызметінде жүрген тәртіп сақшысы жолаушылардың бірін қалдырмай түгел тексеруде. Ол шетел азаматтарының төлқұжатымен қатар біздің елге келу мақсаты мен мерзіміне де баса мән береді. Биылдың өзінде ол өзге әріптестерімен бірге заң бұзған 10-нан аса адамды пойыздан түсіріп тастаған.

Серік Қасенов, Петропавл станциясындағы ЖІІБ көші-қон полициясының инспекторы:

-Ағымдағы жылы 38 адамға әкімшілік хаттама толтырдық. Яғни, ескерту беріледі немесе айыппұл тағайындалады. 5 кісіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар елден шығарылып, 5 жыл көлемінде Қазақстан Республикасына кіре алмайды.

Сондай-ақ, перронда қауіпсіздік ережелерін еске салатын түрлі белгілер. Бірақ, бұған құлақ асып жатқандар шамалы. Өйткені, тәртіп сақшыларының айтуынша адамдардың темір жолды кесіп өту фактілері әлі де кездесуде.

Ұлжан Жаракұлова, Петропавл станциясындағы ЖІІБ әкімшілік полиция қызметінің инспекторы:

-Күнделікті қауіпсіздік жағдайын сақтау үшін жұмыстар атқарамыз. Станцияда темір жол ұжымдарымен бірлесіп, күнделікті рейдтік іс-шаралар өткіземіз. Жарақаттану, әкімшілік құқықбұзышулықтарды анықтау үшін біздің қызметкерлер кезекшілік атқарады.

Ал, мынау – вокзалдың күту залы. Мұнда отырған Лидия Зимина Ростов на Донуға жол жүрмек. Пойыздың келуіне әлі екі сағаттан артық уақыт бар. Біреулер үшін ұзақ болса да, зейнеткер үшін үйреншікті. Өйткені, бұл кісі барлығын асықпай, алдын ала істеуге машықтанған.

Лидия Зимина:

-Әрқашан вокзалға ерте келемін. Асықпай пойызға отырамын. Теміржол рельстерінен де өтпеймін. Бұл өмірге өте қауіпті.

Бүгінгі күні пойыздар Петропавл темір жол вокзалынан бес бағыт бойынша жүреді: Қазақстанның оңтүстігіне, Қырғызстанға, Өзбекстанға және екеуі Ресейге.


Тоғжан Ақмағамбетова