Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Ақтөбеде орын алған оқиғаларға қатысты пікірін білдірді

Қаншама жазықсыз отандастарымыз оққа ұшты. Бүгіндері барша ел халқы Ақтөбе тұрғындарымен бірге қайғырып, жерлестеріміздің басына түскен ауыр оқиғаның енді қайталанбауын тілейді. Мұндай жағдайлар елімізде, әлемде орын алмауы керек. Бұл – солтүстікқазақстандық жастардың пікірі.

Тимур Жұманов – СҚО жастар бастамалары орталығының директоры:

– Барлық ел халқы біріге түсуі тиіс. Біз жастардың бойын жат ағымдардан аулақ ұстап, осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерді сақтап қалуға тырысуымыз қажет. Теріс пиғылды жандардың жетегінде кетпей, бейбітшілікті бағалау керек.

Әрсен Әубәкіров – студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы:

– Біз, жастар енді мұндай оқиғалар қайталанбасын дейміз. Өйткені, еліміз гүлденіп келеді. Сондықтан, біз бейбіт аспан астында, қақтығыстарсыз өмір сүргіміз келеді. Сонда ғана келешекке жоспар құрып, ел дамуына үлес қоса аламыз. Ақтөбеліктердің қайғысына ортақтаса отыра, енді мұндай жағдайлар қайталанбасын деп тілейік.

Магжан Ахмадина