МТРА жаңалықтары

Петропавлға жұмыс сапарымен Қазақстанның халық қаһарманы Қайрат Үмбетов келді

Қазіргі уақытта мұнда жастар спорттың 12-і түрі бойынша жаттығады. Олардың қатарында жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын теріскейліктер де бар.

Бұл – еркін күрес үйірмесі. Дәл осы спорт түрімен Қайрат Үмбетов бала жасынан айналысады екен. Жас палуандармен жүздескен полковник оларға алдағы додаларда жарқын жеңістерге жетуді тіледі. Кейін, Халық хаһарманына жергілікті хоккей клубының жетістігі және боксшыларымыз бен гимнастарымыздың табыстары әңгімеленді. Сондай-ақ, осы жерде мейман теріскейлік жеңіл атлеттердің жағдайын сұрастырды.

Александр Мицих, СҚО жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры:


–  Бұл ғимараттың салынуын біз асыға күттік. Енді қазір осы жерде жас жеңіл атлеттер жаттығуда. Олар теріскейлік Маргарита Мукашева, Ирина Эктова сынды спортшы болсақ дейді. Жастардың болашағына үлкен үмітпен қараймыз.

Спорт сарайында Қайрат Үмбетов болашақ чемпиондардың әрқайсысымен тілдесті. Жаттықтырушылар өз кезегінде полковниктен сәуір айының 7-сінде жасаған ерлігін әңгімелеп беруді сұрады.

Александр Мицих – СҚО жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры:


– Дәл сол оқиға орнында сіз не ойладыңыз? Жарылғыш зат жерге құлағанда бойыңызда қорқыныш болды ма?

Қайрат Үмбетов – Қазақстанның Халық қаһарманы, ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімі штабының бастығы, Қарағанды қаласы:


–  Оқиға орнында солдаттың қолынан граната түскендігін көріп еш ойланған жоқпын. Жас сарбаздың өмірін құтқару үшін менде нәбәрі 3-4 секунд уақыт болды. Сол жерде өзімнің бойымда сенімділік болғандықтан оның жанына араша түстім.

Полковник жасаған ісін батырдың ерлігіне баламайды. Ол тек өзім Отан алдындағы міндетін адал атқарып, жас сарбазды жанына араша түстім дейді.

Қайрат Үмбетов – Қазақстанның Халық хаһарманы, ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімі штабының бастығы, Қарағанды қаласы:

– Мен оқиға орнында жас сарбазды құтқаратындығыма сенімді болдым. Ол жерде мен өз денсаулығымды мүлде ойламадым. Тек жауынгерді өлімнен құтқарам деп ойладым. Абырой болғанда бұл менің қолымнан келді.

Ал СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінде Халық хаһарманын білім ошағының ұжымы мен студенттері қарсы алды. Бүгінде аталған оқу орнында мыңнан аса шәкірт білім алады.
Колледжде оқытушылар Қайрат Үмбетовке заманауи техниканы таныстырды. Бұл құралдардың көмегімен жүргізуші, металл жонушы мамандықтары оқытылады. Сондай-ақ, мұнда студенттердің шығармашылық және спорттық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік бар. Қазір залда “Сұңқар” командасы алдағы жарысқа дайындалуда.

Білім ордасында полковникпен кездесу батырлық сабағында жалғасты.

Отырысқа жиналғандар Халық қаһарманы жайлы түсірілген шағын фильмді тамашалады. Дәл осы оқиғадан кейін Қайрат Үмбетовті еліміздегі барлық телеарналар жарыса көрсеткен болатын. Міне, мынау – Елбасының әскери қызметкерді марапаттау сәті. Залдағы студенттер полковниктен не себепті әскери қызметті таңдағанын және жарылыстан кейінгі жағдайдың қалай болғандығын сұрады.

Қайрат Үмбетов – Қазақстанның Халық хаһарманы, ҚР ҰҰ 6505 әскери бөлімі штабының бастығы, Қарағанды қаласы:

– Бұл оқиға оқу жаттығу жиындары кезінде болды. Жас сарбаз қобалжығаннан гранатаны алыс қашықтыққа лақтырам деп маңайына түсіріп алды. Мұның бәрі менің көз алдымда болатын. Мен бірден оның істүне секіріп, солдаттың денесін жарылғыштан қалқалап қалдым. Менің орынымда кез-келген адам осындай батыл әрекетке барар еді.

Суденттер Қайрат Үмбетовтің колледжге жасаған сапары үшін алғыстарын білдірді. Олар нағыз батырды өз көздерімен көріп, әңгімелескендеріне қуанышты.

Шыңғысхан Сыздықов – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:


– Қайрат Үмбетовпен кездескеніме қуаныштымын. Өйткені, ол бейбіт күннің батыры.

Култанов Байболат