МТРА жаңалықтары

Петропавлда көшелердегі құдықтарды асфальт бетімен бірдейлеу жұмыстары жүргізілуде

Мұнда жергілікті “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігі жолдан бірнеше сантиметр төмен түскен құдықтарды асфальт бетімен бірдейлеуде. Іске таңсәріден кіріскен мамандар қазір жұмыстың біраз бөлігін аяқтапты. Аталған кәсіпорын қызметкерлері апта соңына дейін 15 құдықты қайтадан қалыпқа келтірмек.

Александр Захарьян – “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас инженері:

– Біздің серіктестік дәл осындай жөндеу жұмыстарымен жылда айналысады. Биыл біз Абай көшесіндегі құдықтарды асфальт бетімен бір деңгейге келтіргеннен кейін Мир көшесіне ауысамыз. Жолдардағы төмен түскен құдықтардан шұңқырлар пайда болады. Одан көліктің бұзылып қалуы мүмкін.

Дәл осындай қызу жұмысты Интернацианал көшесі бойынан да байқауға болады. Мұнда “Қызылжар су” серіктестігінің 3 бригадасы 2 күннен бері еңбек етуде. Мамандар жаз басталғалы бері 81 құдыққа жөндеу жүргізген. Оның 73-і – кәріздік, ал қалған 8 құдықтың астынан жылу құбырлары өтеді.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры

– Биыл серіктестік қызметкерлері Абай және Интернационал көшелеріндегі 40-тан аса құдықты қайта қалыпқа келтірмек. Бұл істі біз апта соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біздің мамандар тұрғындардың өтініші бойынша ашық жатқан құдықтардың да бетін жабады.

Сондай-ақ, қазір “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары құдықтардың шойын қақпақтарын пластикке алмастыруда. Олар соңғы 4 жылдың ішінде 4 мыңнан аса құдықтың бетін жаңасына өзгерткен.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Қалада құдықтардың шойын қақпақтарын ұрлау фактілері айына бір-екі болып тұрады. Сондықтан, біз оларды пластикке алмастырудамыз. Бұлар заманауи технологиямен жасалғандықтан өте берік келеді әрі ұзақ уақытқа шыдас береді. Ал, қолды болған қақпақтарды тәртіп сақшыларының көмегімен іздеп табамыз. Ұсталған ұры әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жалпы, қаламызда көшелердегі құдықтарды асфальт бетімен бірдейлеу жұмыстарымен 4 мердігер компания айналысуда. Олар апта соңына дейін 500-ден аса құдықты көтермек.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:


–  Биылғы қыс пен көктемде жауын-шашын көп болды. Соның себебінен көшелердегі құдықтар сыр беріп, төмен түсті. Қазір енді жергілікті компаниялар өз есебінен жөндеу жүргізуде. Шамамен бір құдықты қалыпқа келтіруге 7-мың теңгеден аса қаражат жұмсалады.

Алдағы уақытта шаһардағы шеткері аудандардағы құдықтарға да жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген.

 

Култанов Байболат