МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет істері министрі – Талғат Донақовтың есеп беру кездесуі өтті

Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың соңында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік құрылды. Олар қазір мемлекеттік аппаратты жаңғырту шаруаларын қолға алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыс атқаруда. Бүгін ведомства басшысы алғаш рет халық алдында төбесін көрсетіп, есеп берді. Талғат Донақов ең алдымен министрліктің қызметі жөнінде айтып берді.

Талғат Донақов- ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:


– Қазіргі уақытта қазақстандық қоғам мемлекеттік аппараттан тиімділік пен жылдамдықты талап етеді. Қағазбастылықтан барынша арылып, шығындарын қысқарту шараларын күтеді. Бұл бағытта біздің министрлік бірқатар жұмыстар атқаруда. Ведомствалармен меморандумдар жасалып жатыр. Соңғы кездері әкімшілік мемлекеттык қызметтерде істейтіндердің қатары артқан.

Бүгіндері ел бойынша мемлекеттік қызметте 99 мыңға жуық орын бар. Оның 8 мыңға жуығы әзірге бос. Мемлекеттік аппаратта гендерлік баланс та сақталуда. Қызметшілердің 48 пайызы нәзік жандылар. Талғат Донақовтың баяндамасынан соң, залда отырғандар министрге сауалдарын жолдады. Кейін кезек онлайн режимде Астанамен байланысқа шыққан өңірлерге берілді. Талдықорғандық нәзік жанды мемлекеттік қызметке кірерде сынақтан өтпесе оны қанша уақыттан соң қайта тапсыруға болады деген сұрағын қойды.

Талғат Донақов- ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:


–  Егер сіз бірінше рет тестілеуден өте алмасаңыз, оны екінші рет тапсыруға екі айдан соң құқығыңыз болады.

Ал өскемендік тұрғын ауыл-аудан әкімдерінің өзі басшылық ететін жерде тұруы қажет пе деген сауал жолдады. Жасыратыны жоқ. Кейде елді-мекендерге барсаң әкімдерді орнында таба алмай қаласың. Олардың кейбірі тіпті қалаларда тұрмыс кешеді. Ондай атқамінер ауылдағы проблеманы қайдан білсін.

Талғат Донақов- ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:

– Заңда ондай талап жоқ. Бірақ менің ойымша, ауыл- аудан әкімі болсын халықтымасын білу үшін, оны терең түсіну үшін сол жерде тұру керек. Бірақ заңды түрде мұндай талап жоқ.

Кейін сөз кезегі солтүстікқазақстиандықтарға берілді.

Ринат Белогонов- спорттық акробатикадан БЖСМ директоры:

– Менің спорт саласындағы жұмыс өтілім-49 жыл. Соның 15 жылында мен осы спорттық акробатикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарып келемін. Депутат болып еңбек еттім. Мемлекеттік қызмет заңына енгізілген өзгерістерге сай, мен маман ғана болып қызмет ете аламын ба? Әлде жұмыс өтілім маған басқарма басшысы не орынбасары қызметіне баруға мүмкіндік береді ме?

Талғат Донақов- ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі:

– Қазіргі заңнамаға сәйкес, тұрғындар мемлекеттік қызметке басшылық қызметке де, қарапайым қызметтерге де тұра алады. Тек талапқа сай, жұмыс тәжірбиесі және біліктілігі болуы тиіс. Егер сіз квалификациялық талаптарға сай келсеңіз. Онда басшылық қызметке кіре аласыз. Бірақ жалпы байқау негізінде ғана.

Біздің өңірде бүгіндері 541 мемлекеттік органда 5012 адам еңбек етеді. 400- ден астам мемлекеттік орын бос тұр.

Елена Степаненко- Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Қазір заңнамаға өзгерістер енгізіледі деп жоспарланып отыр. Онда мемлекеттік қызметке кіргісі келетіндер үшін байқаудың процедурасын, құжаттарды қабылдау мерзімін қысқарту мәселелері қарастырылмақ. Ол бос орындарды жауып, сапалы қызмет атқаруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Жалпы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі – Талғат Донақовтың есеп беру бейнеконференциясы 1 сағаттан астам уақытқа жалғасты.

Магжан Ахмадина