Спорт

Теріскейлік “Қызылжар-СҚ” ФК оңтүстікқазақстандық “Қыран” командасын тізе бүктірді

Әсіресе, желаяқ Евгений Аверченко мен Эльдар Аитовтың жұбы қарсылас қақпа алаңында тамаша шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ, бәрі де сәтсіз. Өз кезектерінде қонақтар да алдыңғы шепте қапы қалмай гол соғудың амалдарын іздеп бағуда. Дегенмен де оңтүстікқазақстандық футболшылардың көсілуіне қызылжарлық қорғаушылар мен қырағы қақпашы Роман Нестеренко еш мүмкіндік бермеді. Ал, кездесудің 14-ші минутында жерлестеріміздің айы оңынан туды. Мұнда стандартты жағдайда әріптесінің әуелеткен добын Бошко Стубич баспен ұрып, таблодағы есепті өзгертті.

Кейін ойын біраз саябырсыды. Екі жақтың да аяқдопшылары бірнеше рет шабуылдармен алмасты. Дегенмен де бірінші тайм 1:0 есебімен теріскейліктердің пайдасына шешілді.

Келесі тайм әдеттегідей жерлестеріміздің қарқынды шабуылынан басталды. Матчтың 56-минутында қонақтардың қорғаныстағы өрескел қателігін ұтымды пайдаланған Александр Соколенко есеп айырмасын ұлғайтты.

Бұл гол жығылғанға жұдырық болды. Қақпасына жауапсыз екі доп жібергеннен кейін қырандық аяқдоп шеберлері қызбалыққа салынып, ойын ережесін бұзуға көшті. Әсіресе, шымкенттік қақпашы Талғат Қаленов жергілікті шабуылшы Бошко Ступичты өрескел әдіспен жерге құлатты. Төреші бірден ысқырық шалып пенальти белгіледі. Кақпашыға қызыл қағаз көрсетіп ойыннан қуды.
Кейін, 11 метрлік нүктеден шірене тартқан Сергей Струков допты қарсыластардың қақпасында тулатты.

Матчтың қалған минуттарында қорғаныста жамбастап жатқан жерлестеріміз таблодағы есепті еш өзгертпестен сақтады. Осылайша қызылжарлық футболшылар қырандықтардан басым түсіп, маңызды 3 ұпайды қоржынға салды.

Роман Нестеренко – «Қызылжар-СҚ» ФК қақпашысы:

 

– Біздің жігіттер бұл матчта жаттықтырушының артқан міндетін толықтай орындады. Бапкердің берген тапсырмасы қос қаптал арқылы жиі шабуылдап, қарсылас қақпаға бірнеше гол соғу болатын. Міне, жоспарлаған айла-әркеттердің арқасында ірі есеппен жеңіске жеттік. Енді келесі кездесулерде маңызды ұпайларды қоржынға салып, турнирлік кестенің көшбасына шығу қажет.

Енді, «Қызылжар-СҚ» ФК-ның кезекті ойыны “Қарасай” стадионында 18-ші маусым күні өтеді. Ол кездесуде теріскейліктер оңтүстікқазақстандық “Мақтаарал” командасын қабылдайды.

Култанов Байболат