Бизнес және экономика

Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Шынымен де бүгіндері өз кәсібін ашып, пайда табамын дегендерге мемлекет жақсы демеу көрсетеді.

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:


– Бізде кез келген кәсіпкер қолдауға ие бола алады. Инвесторлармен де жұмыс қарқынды жүргізілуде. Егер қазақстандықтармен ортақ іс ашсаңыздар, сіздерге де осындай қолдаулар болады. Осы «Даму» қорында өзінің кәсібін ашамын дегендерге бизнес-жоспар құруға көмек беріледі. Мұндай орталықтар бүгіндері барлық облыстарда, аудандарда бар.

Кездесуге қатысқан кәсіпорын басшылары меймандарға өз өндіріс ошақтары жайлы баяндап берді. Олардың қатарында сүт, жұмыртқа және ет өнімдерін өңдейтін серіктестіктер мен инновациялық технологияларды қолданатын бизнес субъектілері бар.

Игорь Гришанов – «Аби-Жер» ЖШС директоры:


–  Бізде өндірілетін барлық өнім Еуропаға жеткізіледі. Тауарымызды біледі, сұранысқа ие. Тағы 7 жылдан бері компаниямыз энергияның балама көздерін шығаруда. Пештер, бидай кептіргіштер бар. Біз көмір, сұйық отынды қолданбаймыз. Биомассамен жұмыс жасаймыз.

Қазақстанда, әзірге, швед елінің алпауыт кәсіпорындары аса танымал емес. Бірен-сараны болмаса, біз көбін біле бермейміз. Осындай жиындардың маңызы да сол – екіжақты әріптестік орнатып, тауарларымызды сыртқы нарыққа шығару.

Игорь Власюк – “Бизнес Свиден” Швед Сауда және Инвестициялық Кеңесінің Уәкілділік басшысы:

 

– Біз экспортта да, ортақ кәсіпорын құру ісінде де қомақты әлеуетті көріп отырмыз. Біздің көптеген компанияларымыз сіздердің өңірлеріңізде танымал емес. Соларды насихаттау керек. Бізде ауыл шаруашылығы саласында жақсы жұмыс жасайтын алпауыт кәсіпорындар бар. Қазан айында швед елінің ауыл шаруашылығы министрі осы өлкеге келеді. Сонда маңызды шешімдер қабылданады деген ойдамын.

Меймандар сапар барысында облыстағы тағы да бірқатар өндіріс нысандарын араламақ.

Магжан Ахмадина