Әр түрлі

Петропавлда «Ерке Есілдің ақ толқын Есләмі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Мұнда ақын ағамыздың жыр жинақтары мен ол жайлы журнал, газеттерде жарияланған мақалалар жайғастырылған. Ал залда жерлесіміз туралы фильм көрсетілді. Кейін жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова теріскей жері талай тума таланттарды дүниеге әкелгендігін жеткізді. Солардың бірі – Есләм Зікібаев.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ерке Есілдің жағасындағы кішкентай ғана Өрнек ауылында дүниеге келген Есләм Зікібаевтың барлығымыз үшін орны ерекше. Ол 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде оқыды. Еңбек жолын қазіргі «Ұлан» газетінде бастады. Мұндай дарынды тұлғаның біздің өңірде туғаны заңды құбылыс.

Оның туған жерге деген махаббатын өлең, жырларынан-ақ байқауға болады. Өрнегім деп ет-жүрегі тебірене жырлаған ақын, махаббат, сұлулық тақырыптарына да қалам тербеді. Балалар үшін жазған туындылары да өз алдына бір төбе.

Нұрдәулет Ақыш – жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д., Алматы:


–  Е, ағайын, бәрі сендер үшін деп,
Бастап қойып тастап кеткен ісім көп,
Алғырттықпа, салғырттықпа білмедім?
Ал басқа жұрт мұны қалай түсінбек- деген өлең менікі емес, Есағаңдыкі. Осы жалғыз ғана шумақтан замандастарының, халқының мәселелерін жырлағаны анық. Оның 20 кітабының ішінде әртүрлі бағыттағы лирикалық өлеңдері бар.

Конференцияда оқылған баяндамаларда тағы ақын ағамыздың лирик екендігі, оның ақындық шеберлігі жайлы айтылды. Есләм Зікібаевтың жары Рауза апай жерлесіміздің бала тәрбиесіне ерекше назар аударғандығын айтады. Олар бірге 42 жыл ғұмыр кешіп, 3 бала, 8 немере тәрбиелеп, өсірген.

Рауза Зікібаева – Есләм Зікібаевтың жары:

 

– Адал жар, аяулы әке. Немерелерін жетектеп домбыраға үйретті. Қазақ мектептеріне берді. Ол кісі «Жерім алыстау, елім орыстау» деп айтатын. Қуаныштымын. Артында ұрпақтары бар екен. Ол кісіні іздейтін ағайын-туғандар бар екен. Өте ризамын.

Бүгіндері ақын ағамыздың туған ауылы Өрнектегі мектепке Есләм Зікібаевтың есемі берілген. Жерлесіміздің шығармалары шет тілдеріне аударылып, талай әндерге арқау болды.

Магжан Ахмадина