Спорт

Өңірде Александр Зайнутдиновтың кубогі үшін теннистен жұптық жарыс өтті

Аталған спорт түрімен белсенді шұғылданып жүргендер Астана, Қарағанды, Алматы, Павлодар, Рудный қалаларынан келіп отыр және өзіміздің өңірден де бар.

Дәл қазір ақтық кезеңге өткен әуесқой теннисшілер бар тәжірибелерін көрсетіп бағуда. Екі алаңдағы тартысты ойынның бірінде Рудный мен Қостанай облысы, ал екінші бетте Астана мен петропавлдық теннисшілер бақ таластыруда. “Бақ шаба ма, бап шаба ма” демекші, бұл жұптық кездесуде де үздік ойыншылар анықталып жатты. Бұдан соң, кезек ақтық сынға келіп жетті. Бұл жерде жерлесіміз Татьяна Зайнутдинова әкесі Александармен бірге қарағандылық спортшылармен кездесіп, 8-де 5 есебімен жеңіске жетті.

Татьяна Зайнутдинова – «Spartak» теннис клубының бапкері:

– Мен теннис ойнауды 4 жасымнан бастадым. Спорттың бұл түріне келуіме басты себепкер – ол менің әкем. Қазіргі кезде өзім баптап жүрген шәкірттерім де бар. Жаңағы ойында қарсыластарды тізе бүктіру бізге оңайға соқпады.

Жалпы Қызылжар ауданындағы теннис кортының таспасы өткен жылы қиылған болатын. Қазірде шет мемлекеттерде қарқынды дамыған спорттың бұл түрімен өңірде 150 тұрғын тұрақты түрде айналысады.

Владимир Спиваков – турнирдің ұйымдастырушысы, Алматы қаласы:

– Әуесқой ойыншылар арасында теннистен чемпионат теріскей жерінде 2011-ші жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жылы 15 әуесқой қазақстандық теннисші өз араларында мықтыны анықтады. Биыл дәстүрлі чемпионат бәйгесіне тігілген жүлде қоры 250 мың теңгені құрап отыр.

Жарыс соңында чемпионат қатысушыларының түгелі дерлік ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Бакыт Садуакасов