Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ХХХІ- ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесті

Алдағы дүбірлі додада олардың 3-уі де жеңіл атлетикадан сынға түседі. Тағы 2 велошабандозымыз Артем Захаров пен Алексей Луценко бар. Шәкірттерінің қарымын жақсы білетін бапкерлер жерлестеріміздің осыдан 4 жыл бұрын Лондонда жасындай жарқыраған Александр Винокуровтың жолын қуатындығына сенімді. Жалпы алдағы уақытта тағы 5-6 лицензия алудан үміттіміз. Жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов соңғы кездері дене шынықтырумен айналысуға ден қойған жерлестеріміздің қатары артып келеді деді. Спорт нысандары да көптеп тұрғызылуда.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Елбасының халықтың 30 пайызын дене шынықтыруға тарту тапсырмасы белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жоспарды орындау мақсатында, соңғы 2 жылда облыста 4 дене шынықтыру кешені, бассейн, 29 жасанды шағын футбол, 87 стандартты алаң салынды. 6 жабық және 191 ашық хоккей алаңы ашылды. Спорт сарайының қолданысқа берілгендігін білесіздер. Бұл -дені сау ұрпақ тәрбиелеуге ғана емес, Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге де үлес қосады деп ойлаймын.

Ел намысын әлемдік додада қорғайтын жеңіл атлетіміздің бірі – Екатерина Эктова. Нәзік жанды осыған дейін ұзындыққа секірумен айналысса, енді қарғып секіруге ауысыпты. Осы спорт түрінде жолы болып, ол Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алған.

Екатерина Эктова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Олимпиада ойындарына жолдаманы мен Алматы қаласында өткен ел кубогында ұтып алдым. Сайыста мен 14 метр 16 см-ге секрідім. Әрине, жазғы Олимпиадаға қатысатыныма қуаныштымын. Енді жақсылап дайындалып, бұдан да жақсы нәтижелерді көрсету керекпіз.

Кейін облыс әкімі 31-ші жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылар мен бапкерлерге ақшалай сыйақы табыс етті. Сонымен тамыздың 5-і мен 21-і аралығында спортшыларымыз мұхит асып, өзге құрлықта қазақ елінің абыройын асқақтатады деген үміт басым.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

 

– Олимпиада – бұл барлық әлем елдерінің ортақ мерекесі іспеттес. Бұл – кез келген спортшының арманы. Өткен ойындарда теріскейліктер бір ғана медальға қол жеткізген болатын. Сіздер солардың қатарын арттыра түседі деген сенімдемін. Сондықтан, сәттілік тілеймін.

Кездесу соңында спортшылар облыс әкімімен естелікке суретке түсті.

Магжан Ахмадина