Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Христиан Камиллды қабылдады

Әсіресе, астық өлкеде соңғы бірнеше жылда шетелдік үлкенді-ірілі компаниялармен бірлескен жобалар сәтті жүзеге асуда. Бұл туралы жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облыста бидай, зығыр, жеміс-жидек, сүт және ет сынды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен осы салада кәсіпорындар ашу жақсы жолға қойылып келеді. Өңір аграрлы аймақ саналғандықтан республикада жиналатын астықтың 3/1 бөлігі бізге тиесілі. Қазірдің өзінде облыста неміс, италия, финдық және ресейлік компаниялармен 10 бизнес-жоба басталып кетті.

Өз кезегінде облысқа осымен 3 рет келіп отырған Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Христиан Камилл швециялық кәсіпкерлердің аграрлы аймақта бірлескен өндірік кәсіпорындарды ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Айталық, қазірде бұл мемлекеттің бизнесмендері еліміздің тау-кен саласында жемісті жұмыс істеуде.

Христиан Камилл – Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Мұндай екіжақты кездесу сенімді қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы тауар айналымын нығайтуға тың серпін береді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің іскер азаматтар қомақты қаржы құйып, ел экономикасының дамуына үлестерін қосып келеді. Біз Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге қызығушылық танытып отырмыз.

Екіжақты әріптестікті берік бекемдеуге бағытталған кездесуде сөз алған “Бизнес Свиден” Швед Сауда және Инвестициялық Кеңесінің Уәкілділік басшысы Игорь Власюк та агроөнеркәсіптік салада ұжымдасып жұмыс жасауға құлық танытты.

Игорь Власюк – “Бизнес Свиден” Швед Сауда және Инвестициялық Кеңесінің Уәкілділік басшысы:

– Мен тамыз айының бірінші жартысында Швеция мемлекетінің алпауыт инвесторларымен кеңес өткізбекпін. Бүгінде ондай бизнес субьектілерінің саны бізде 700-ден асып жығылады. Ол басқосуда мен осы өлкедегі жұмыс жасап тұрған өндіріс ошақтары шығаратын тауар түрлерімен таныстырмақпын. Сол себептен біздің бүгінгі жиынымыз – әріптестік байланыс орнатудың алғышарты деп білемін.

Басқосу барысында өңір жетекшісі швециялық іскер топ өкілдерін, алдағы қазан айында аймағымызда өтетін инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Сәйкесінше, сол кездесуге бұл елдің кәсіпкерлері нақты ұсыныстарымен келмек ойда. Жиын соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Бакыт Садуакасов