Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданының диқандары егін егу науқанын маусымның 3-і күні аяқтады

Оның 200 гектарына арпа, ал қалған бөлігіне бидай егіпті. Қолайлы ауа райын пайдаланып қызу жұмысты небәрі 15 күнге жеткізбей аяқтадық дейді агроқұрылым басшысы.

Жабраил Елмурадов, «Вайнах-терек» ЖШС директоры:

– Биыл біз егін егуді мамырдың 16-сы күні бастадық. Шаруашылықта жұмысшы күші мен техника жеткілікті болғандықтан науқанды аз уақыттың ішінде аяқтадық. Былтырғы орақ науқаны кезінде әр гектардан 15 центнерден астық жиған болатынбыз. Осы жылы да жақсы көрсеткішке қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Серіктестіктің осыдан шамамен 20 күн бұрын “омбылық-36” сұрыпты бидай егілген мына алқабы қазір көктеп тұр. Енді бұл жерге 1 аптадан кейін зиянкестерге қарсы тыңайтқыш себілмек.

Жабраил Елмурадов, «Вайнах-терек» ЖШС директоры:

– Биыл серіктестіктің барлық алқаптарына 500 литр химиялық тыңайтқыш себіледі. Қазір аталған жұмыстарға дайындалып жатырмыз. Ауа райы жақсы болса бұл істі де көпке созбай тындырамыз деп ойлаймын.

Биыл Мамлют ауданында егіс науқаны мамыр айының 14-і күні басталған. Содан бері диқандар танап басында күндіз-түні еңбек етіпті. Олар көктемгі дала жұмыстары кезінде 165 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірген. Аграрлар оның 117 мыңына бидай, 31 мың гектарға – майлы дақылдар, ал қалғанына бұршақты дақылдар еккен.

Искак Насыров – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

 

– Егіс науқанын Мамлют ауданының диқандары маусымның 3-і күні аяқтады. Көктемгі дала жұмыстары кезінде 26 заманауи егін егу кешені мен 90-нан астам трактор жұмыс істеді. Енді шаруалар бірер аптадан кейін алқаптарға тыңайтқын шашуға кіріседі. Биыл біздің ауданның диқандарына 6 мың тонна тыңайтқыш берілмек.

Бүгінде Мамлют ауданында егін себумен айналысатын 250 шаруашылық бар.

Култанов Байболат