Балалар

Айыртаулық оқушы Халықаралық балаларды қорғау күнін Мәскеуде атап өтті

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ангелина Кольчугина мерекеге аттанған 18 қазақстандық балалардың қатарында болды. Негізі бұл шараны Ресей балалар қоры осымен 29-шы рет ұйымдастыруда. Ұйымға жазушы Альберт Лиханов жетекшілік етеді. Жыл сайын Мәскеу қаласына 1-ші маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтуге әлемнің әр елінен 11 мыңға жуық талантты ұл-қыздар жиналады. Ангелина да олардан қалыс қалған жоқ. 11 жастағы оқушы 2014-ші жылы Абай оқуларының аудандық кезеңінде бас жүлдені еншілеген. Республикалық “Таң Шолпан” вокалдық конкурсының лауреаты, сондай-ақ, 2015-2016-шы оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің үздік оқушыларының бірі ретінде “Қазақстан Үміттері” кітабына енген. Айта кету керек, Ангелина 1-ші сыныптан бастап қазақ тілінде оқиды.

Ангелина Кольчугина – Айыртау аудандық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Мәскеу қаласы маған өте ұнады. Көптеген көрікті жерлерді араладым. Мерекені Ресей астанасында қарсы алғаныма қуаныштымын.

Анатолий Тарахтун – СҚО білім басқармасының бас маманы

– Бұл шараға Қазақстаннан 18 бала қатысты. Сонымен қатар алғаш рет Президент әкімшілігінен делегация да барды. Оның ішінде Ангелина Кольчугина да бар. Ол өте зерек, оқуында озат бала. Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген.

 

Риат Шони