Өнеркәсіп

“Радуга” ЖШС айына 80-90 тонна өнім өндіреді

Евгений Ли, «Радуга» ЖШС директорының желім бұйымдарын өндіру жөніндегі орынбасары:

– Пленкаларды Қазақстанның барлық қалаларынан сатып аламыз. Жұмыс қызу. Дәл осы цех 7 учаскеге бөлінген. Әрқайсының өз бағыты бар. Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда қуаттылығымыз екі есеге артты. Себебі, жаңа құрылғылар сатып алдық. Былтыр орта есеппен айына 60 тонна дайын тауар өндірсек, биылғы жылы бұл көрсеткіш 80-90 тоннаға дейін көтерілді.

Бүгінде «Радуга» серіктестігінде 150 адам еңбек етеді. Ел көлемінде 12 филиалы бар кәсіпорындағы жалпы қызметкерлер саны 2000-ға жуық.

Осылайша шикізатты ұсақтап, жуып толық тазартады. Бұл үшін тек құрылғыға пленкаларды салып тұратын екі адам ғана жұмылдырылған. Қалғанын қытайлық қымбат техника өзі атқарады. Бұл кезеңнен өткен шикізат көзі келесі учаскеге жөнелтіледі. Оны Владислав Самуткин қабылдап алады.

Бұл жердегі қондырғыға салынған полиэтилен қалдықтары ыстық температурада қыздырылып, мынадай қоймалжың зат болып шығады да, кейін ол гранулаға айналады. Осылайша тәулігіне 4,5 мың тонна жартылай дайын өнім өндіріледі.

Владислав Самуткин, «Радуга» ЖШС операторы:

– Бізге келген тазаланған пакеттерді гламераторға саламыз. Мұның ішінде де пышақтар бар. Оны ұсақтап, кейін ерітеді. Сосын дайын гранула шығарады. 2 жыл еңбектеніп жүрмін. Осы грануладан пластмасса өнімдері мен пакеттер жасаймыз.

Солтүстікқазақстандық «Радуга» кәсіпорнында барлығы 60-тан астам пластмасса бұйымдары шығарылады. Бұл леген-шаралар, шелектер, киімдерге арналған ілгешектер. Серіктестікте полиэтилен пакеттерінің өндірісі де ретке келтірілген. Осылайша мұндағылар халықтық тауарлармен қазақстандықтарды қамтамасыз етіп отыр. Бұл еңбектері түрлі байқауларда еленіп келеді. Былтыр Экология тазалығына қосқан үлесі үшін республикалық «Парыз» жүлдесін жеңіп алған.

Акбопе Танирберген