МТРА жаңалықтары

“Попова” ЖК “Халық маркасы” белгісін иеленді

Фирма атынан олар 750 келі кондитерлік өнім апарған. Атап айтсақ, вафли, торттар, кекс пен печенье. Сапарлары оң болыпты. “Халық маркасы” жәрмеңкесінің ұйымдастырушылары компанияға бір жылға 300 мың теңгеге келісім шарт жасасуды ұсынған. Бұдан соң фирмаға Астанадағы “Самғау” сауда үйінде 12 шаршы метр жер тегін беріледі. Фирмадағылар онда апта сайын 750 келі тәтті-дәмділерді апаратын болады. Жалпы бұл аталмыш жәрмеңкеге облысымыздың 20-дан астам кәсіпорны қатысқан.

Светлана Подгорная – “Попова” ЖК директорының міндетін атқарушы:

– Жоспарымызда апта сайын 1 тоннаға жуық өнімді жеткізіп тұру. Ол павильонның салтанатты ашылуы шілденің 6-сы күні ел Президентінің қатысуымен өтеді. Негізі бұл тиімді ұсыныс. Бұл – отандық тауардың сапасы жоғары деген сөз. Оның үстіне біз жаңа тұтынушыларды тауып, нарықтағы саудамызды арттырдық.

“Печенькино” маркасымен саудаланатын кондитерлік өнімдерге өзге де елордалық бизнесмендер қызығушылық танытыпты. Астаналық “Авдувахитов” жеке кәсіпкерлігі де келесі аптада петропавлдық фирмамен келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр. Олар жұма сайын 2 тонна өнімді сатып алып отырмақ. “Попова” жеке кәсіпкерлігі өз тауарын Көкшетау, Қарағанды, Тараз және Семей қалаларына саудалайды. Жыл басынан мұндағылар 27,5 млн теңгенің өнімін сатыпты. Негізі фирма тәтті-дәмділердің 100-ден астам түрін шығарады.

Гүлжан Тұрқанова – “Попова” ЖК кондитері:

– Біз бұнда күніне 700 келі тауарды өткіземіз. Ол шоколадты бірден +3 градус температурада салқындатады.

Ел нарығында 14 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан фирма жыл сайын шығаратын өнімдерін 10 тоннаға дейін арттырып отырады. Қазіргі таңда мұнда 30 адам еңбек етуде.

 

Риат Шони