МТРА жаңалықтары

Петропавлда тұрмыстық қалдықтар қайта кәдеге жаратылады

Бұлар өз өндірісінде тұрмыста пайдаланылған заттарды қайта өңдейтін кәсіпорындарға тиесілі. Бұл істі біз үшін жаңашылдық деп айтуға болады. Өйткені, тұрмыстық қалдықтарды саралап салу дамыған елдерде әуелден қолға алынан. Өңір тұрғындары бұрын қоқысты бір жерге төксе, енді әр қалдықтың түріне байланысты жеке жәшік қарастырылған.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:


– Бүгінгі күні Петропавл қаласында 324 контейнерлер орнатылған. Және де сымды шамдарды жинау үшін пилотты бағдарлама жасалып жатыр. Қоқыстарды бөлек тастау, ол экологияға деген өз игі әсерін көрсетеді. Өйткені, полигондар саны азаяды. Мұндай қатты қалдықтар сынғанда немесе жанғанда адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Заманауи үлгідегі қоқыс жәшіктерінің бірі 20-шы ықшам ауданындағы Уәлиханов көшесі бойындағы үй алдында да тұр. Бұл жерде қағаз, картон, шыны және пластик бөтелкелеріне лайықталып жасалған орындар бар. Тіпті, тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын желілік люминесцентті шамдарды салуға болатын стационарлық контейнер де орнатқан. Шаһар тұрғыны Клара Өтелбаева арнайы жәшіктер қойылғалы әр қалдықты жекелей салуға дағдыланып келеміз, – дейді.

Клара Өтелбаева – қала тұрғыны:

– Шет мемлекеттерден көретінбіз, түрлі қоқыстың өз жәшігі болады деп. Бізге де келді, әр қағазды, лампыны және тамақ қоқыстары бөлек-бөлек бұл өте ыңғайлы, себебі бұрындары платик бөтелкелерден аяқ алып жүре алмайтынбыз. Мұндай орындардың маңызы өте зор.

Осы жекелеп салынған қоқысты қайта өңдейтін кәсіпорындардың саны бізде көп емес. Шамамен 4-5-сі бар. Арнайы контейнерлерді қою ісі алдағы уақытта да жалғаса бермек. Бүгін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарататын мекеме басшыларын бір жерге жинап, экология үшін еңбегімен ерекшеленгендерді алғыс хаттармен марапаттады.

 

Бакыт Садуакасов