МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды

 

Отағасы – тыл еңбеккері Олжабай ақсақал сексеннің сеңгіріне шықса, 11 құрсақ көтерген Сақыпжамал апамыз – 77 жаста. Бүгінде өнегелі отбасы қанаттыға қатырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп-тәрбиелеген ұл-қыздарынан 22 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр.

Сақыпжамал Нұрбаева – “Мерейлі отбасы” байқауы облыстық кезеңінің қатысушысы, Уәлиханов ауданы:


– Шақырып жатқандарыңа көптен көп рахмет, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Енді балаларды кішкентайынан бағып-қағып өсірдік. Балаларымызға жақсы тәрбие бердік деп ойлаймын. Өзіміздің отасқандарымызға биыл 60 жыл толды.

Отбасы – еліміздің мызғымас берік тірегі. Биыл “Мерейлі отбасы” байқауының облыстық кезеңіне аудандық және қалалық сындарда өнегелігімен көзге түскен 28 әулет өткен. Тамырын кеңге жайған жанұяларда өсіп-өнген азаматтар, бүгінде аймағымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Бір әулеттер “спорт, ауыл шаруашылығы саласында көзге түссе, келесі бірі балалар үйінен бала асырап, тәрбиелеп отырған жандар. Солардың бірі – Қызылжар ауданының Петерфельд селосында тұратын Курбатовтар отбасы. Отағасы Андрей мен отанасы Виктория 3 баланы бауырына басып, көпке үлгі көрсетуде.

Андрей Курбатов – “Мерейлі отбасы” байқауы облыстық кезеңінің қатысушысы, Қызылжар ауданы

– Ең бастысы, отбасында балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беру қажет. Әр бала толық жанұяда өскені дұрыс. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын 3 баланы асырап алдық. Қазір олардың барлығы өзіне ұнаған спортпен айналысып жүр.

Жалпы “Мерейлі отбасы” байқауының негізгі көздегені қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеп, мәртебесін арттыру. Байқауға қатысушыларды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, жанұяның бала тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр адам алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Ата-анаға деген құрмет, елге, жерге деген махаббат сол “Туған үй” атты шағын мемлекет басталады. Отбасында еңбекке, жауапкершілікке үйренеміз. Көпбалалы, еңбекқор отбасылар қай кезде болмасын елдің мақтанышы атанған. Кейінгі буын осы құндылықтарды бойларына сіңіріп өссін.

Кейін өңір жетекшісі жанұялық сайыстың 3-ші және 2-ші орын жеңімпаздарын марапаттады. Бұл сыйға Нұрбаев, Мартемьянов, Сұлтанов және Қарабалаевтар отбасы лайық деп танылды.

Осылайша жиналғандар тағатсыздана күткен, бірінші орын жүлдегерлерін анықтайтын сәт те келіп жетті. Бұл марапатқа Шал ақын мен Ақжар ауданынан келген Окуневтер және Мәдиқажы отбасылары ие болды.

Жандос Мәдиқажы – “Мерейлі отбасы” байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы, Ақжар ауданы:

– Бірінші орынға ие болдық. Әрине, бұл біз үшін үлкен қуаныш. Және үлкен демеу болып тұр. Өзім осы кәсіппен айналысамын. Екі ұлым бар ізбасарларымыз болды. Және осы байқауды ұйымдастырған облыс әкіміне рахметімді айтамын. Жалпы жанұяда 7 адамбыз.

Енді қос әулет республикалық байқауда облыс намысын қорғамақ.

 

Бакыт Садуакасов