Ауыл шаруашылығы

Өңірде энтомолог мамандар егіс алқаптарда күнделікті мониторинг жүргізуде

Қазіргі таңда облыс бойынша 85 маман егіс алқабына күнделікті шығып мониторинг жасауда. Бірі мынандай шаршыларды орнатып, зиянкестердің қаншалықты көп шоғырланатынын байқаса, енді бірі оларды торлы дорбаға түсіріп түрлерін анықтауда.

Латифа Тапинова – “РФДжБӘО” ММ СҚО Мамлют аудандық филиалының директоры:

– Майлы дақылдардың өскін кезеңінде айқышгүл көбелегі, қандала сынды зиянкестер болады. Күн жылынған сайын майлы дақылдардың шеттерінде шалғын көбелектің жұлдызқұрттары, қырыққабаттың жұлдызқұрттары және күйесі кездеседі.

Мамлют ауданындағы егіс алқаптарының бірінде шегіртке табылды. Бірақ ол зиянкестің үйірлі емес түрі. Яғни мамандар дәнді-дақылдарға төніп тұрған қауіп жоқ дейді. Ал еліміздің оңтүстік аймақтары болса мароккалық шегірткеден зардап шегуде. Зиянкес көптеген алқаптарға тараған. Өңірімізде жәндіктердің үйірлі түрі кездесе қоймайды. Ауа райы қолайсыз.

Уәлихан Искаков – “РФДжБӘО” ММ СҚОФ агроном-энтомологы:

– Облыста үйірлі шегірткенің ішінде итальяндық прус ғана кездеседі. 2015 жылы қанаттануы Уәлиханов ауданында байқалды. 2016 жылы жоспарланған өңдеу көлемі 4,158 мың га құрады.

Қазір энтомологтар алтын дәнге қауіп төндіретін негізгі зиянкесетрдің бірі – бидай трипсін іздеуде.

Уәлихан Искаков – “РФДжБӘО” ММ СҚОФ агроном-энтомологы:

– Айта кету керек, бидай трипстің имагоның және дернәсілдің саны жылдан жылға жоғары деңгейде. Экономикалық зияндылық шегі 10-15 имаго сабаққа, сондай-ақ дәнек қалыптасқан кезеңде 45-50 дернәсіл бір масаққа.

Жалпы орталық мамандары өңір аграрийлеріне өздерінің егіс алқабында үнемі бақылау жүргізуді кеңес етеді. Егер де зиянкестерден қауіп төнсе химиялық өңдеу жасау қажет.

 

Риат Шони