МТРА жаңалықтары

Петропавлдық қолөнер шебері ағаштан әсем туындылар жасайды

Сергей Сапко – шебер:

-Өзім мектеп қабырғасынан бастап ағаштан түрлі бұйымдарды жасаймын. Оқушы күнімде құстардың ұясын әзірлегенді ұнататынмын. Алайда, осы істен кәсіп ашамын деп ешқашан ойламадым. Дегенменде тағдырдың жазуымен екі аяқтан айырылып, мүгедек атанғасын сүйікті ісімді жалғастыруға тура келді.

Он саусағынан бал тамған азамат 6 жылдан бері ағаштан түйін түйеді. Ол осы уақыт аралығында көздің жауын алатын жүздеген бұйымдарды қолдан жасапты. Ал, былтыр шебер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен 300 жүз мың теңге рәсімдеп бірнеше құралдарды сатып алған. Енді қолөнерші қайталанбас туындыларды техника күшімен оңай әзірлейді.

Сергей Сапко – шебер:

-Заманауи құралдарды сатып алғалы жұмыс жеңілдеді. Бұрын қалың ағаштарды кесу үшін біраз күшпен уақыт жұмсайтынмын. Оған қоса менің туындыларымды сатып алу үшін жан-жақтан сұраныстар келіп түсуде. Әсіресе, мен жасаған гүлдерге әйелдер құмар. Сатып алушылар бұйымдарға жоғары бағаларын беруде.

Сергейдің баспанасының іші құдды мұражай іспеттес. Мұнда шебердің қолынан шыққан түрлі ас үй құралдары, ағаштан жасалған раушан гүлдер бар. Ал, мына сөреде колөнершінің ағасы мен бірге құрастырған кеме тұр.
Бұл еңбектерді автор жуырда Ресейде өтетін халықаралық байқауға апармақ.

 

Култанов Байболат