Білім

Биыл СҚО-да 2 мың 502 мектеп түлегі ҰБТ тапсырады

Маңызды сынақтың тиісті дәрежеде өтуі бүгін пысықталды. Университет алдында ата-аналар мен түлектерді қолдауға келгендерге арнайы орындықтар жайғастырылған. Сондай-ақ, сынақ өтіп жатқан аудиториядан тікелей байланыс болады деп жоспарлануда. Жалпы биыл өңірде 2 мың 502 мектеп түлегі таңмен таласа тұрып, ҰБТ-ы тапсырады.

Анар Волкова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

-ҰБТ өтетін барлық қосындар дайын. Облыс бойынша 65 бейнекамера, 7 бейнетіркегіш пен 47 байланыс бәсеңдеткіш орнатылды. Университетте 2 металл іздегіш жақтау қойылды. Петропавл қаласында маңызды сынақты Қызылжар, Мамлют және Аққайың аудандарының түлектері тапсырады. Биылғы жылы ҰБТ-ға өзгерту енгізілген жоқ. Тек сынақтан сүрінгендер оны тамыз айында қайта тапсыра алады.

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының биылғы түлектері маңызды сынақты үшінші лекте, яғни маусымның 7-сі күні тапсырады. Мұнда таудай талабы бар 38 дарынды оқушы ҰБТ-ға қатыспақ. Бүгінде білім ордасында түлектер күні-түні кітаптан бас алмай сынаққа дайындалу үстінде. Былтырғы жылғы ҰБТ-ның нәтижесі бойынша аталмыш мектептің оқушылары орташа алғанда 100 ұпай жинаған.

Айғаным Ұланова – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

-Мен ҰБТ-ға дайындықты былтыр бастадым. Ең әуелі тарихтан білімімді шыңдадым.

Нарғыз Рахымкерей – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

-Жалпы барлық сұрақтар қиын болады деп ойлаймын. Негізі мен үшін таңдаулы 5-ші пәнін оңай болады деген сенімдемін.

Өңірімізде маусымның 3-і мен 7-і аралығында өтетін Ұлттық Бірыңғай тестілеу 8 қосында ұйымдастырылады. Жоғары оқу орнына түсемін деген түлектер, кемінде 50 ұпай жинауы керек. Ал ұлттық университетте білім алғысы келетіндердің көрсеткіші 70 балдан төмен болмауы қажет.

 

 

Риат Шони