Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да май шығару зауытының құрылысы басталды

Жобаны жүзеге асыру үшін алдымен «Тайынша Май» ЖШС құрылды. Ал, құрылысқа қажетті қаражатты Қытай елі бөліп отыр. Жалпы сомасы – 100 млн АҚШ доллары шамасында. Құрылысы басталғалы тұрған жерге облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен қытайлық инвестор АЙЦЗЮ ХЕЙ ЦЗЯ капсула салды.

Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна шикізат өңдейді деп жоспарланған. Негізінен рапс пайдаланылады. Бүгінде шикізатты алуға келісімшарттар жасалған. Ал, дайын өнім Қытайға экспортталады.

Хэи Дзя – «Айцзю» компаниясының президенті:

-Бізге шикізат май шығару үшін қажет. Өнім Қытай нарығында үлкен сұранысқа ие. Біздің ел жылына 17 млн тонна май өнімін импортқа шығарады.

Кешенді іске қосудың алғашқы сатысында 200-ге жуық солтүстікқазақстандық жұмыспен қамтылмақ. Негізінен жергілікті тұрғындар жұмысқа алынады. Кейін кәсіпорында 1 мыңға жуық маман еңбек ететін болады. Ал, болашақта компания ет және бидай өңдеумен де айналыспақшы. Тіпті, қызметкерлеріне жатақхана салуды да жоспарлап қойыпты.

Зауытқа жұмысқа орналасамын деушілер алдымен даярлық курстарынан өтулері шарт. Бұл мақсатта мамандарға Қытай елінде арнайы тегін білім беру жағы қарастырылған.

 

Акбопе Танирберген