МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Қазақстан аймақтары: тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

-Биыл біз үшін маңызды жыл. Ел тәуелсіздігіне 25 жыл толса, облысымыздың құрылғанына – 80 жыл. Осы уақыттарда бірқатар оң өзгерістер орын алды. Ауыл, аудан, қала, облыс тұтас еліміз дамуда. Өлкеміз тарихқа бай. Талай дарынды тұлғаларды дүниеге әкелді.

Конференцияға жиылғандардың барлығының баяндамалары өлкеміздің дамуынан сыр шертеді. Қызықты деген 15 жұмысты зерттеушілер кездесуге қатысушылардың назарына ұсынуда. Олардың барлығы облыс жайлы тың мағлұматтарға бай.

Мереке Баймұқанова – СҚ мемлекеттік мұрағаты құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы:

-Ал 1932 жылы Қарағанды облысы орталығы – Петропавл қаласы болды. Сол кезде облыс көлемі- 118 мың шақырымнан артық болды. 24 аудан болған біздің облысымызда. 1936 жылдан бастап облысымыздың тарихы жазыла бастайды.

Ал Қарағандыдан келген Жаңагүл Тұрсынованың баяндамасы нақ осы кезеңді, яғни 1932-36 жылдарды қамтиды. Ол сол уақыттардағы өңірдің дамуына үлес қосқан әйел азаматтардың өмірбаянына тоқталмақ. Солардың бірі – 1918 жылы Петропавл қаласында туған Фатима Даненова. Ол Қарағандыда талай жыл еңбек еткен.

Жаңагүл Тұрсынова – Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты:

-Соғыс кездерінде әйелдер кеңесін басқарып, әйелдерді, қыздарды шахтада жұмыс істеуге шақырған. Тағы бір тұлға ол – Дина Әбдірахманова. Ол Алматы облысында туған. Қарағанды облысында талай жыл жұмыс істеп, еңбек министрі болған. Сондай-сондай азаматтар жайлы әңгімелеймін.

Жиынға Ресей мен Татарстанның да ғалымдары қатысып, тарихи оқиғаларды біраз әңгімеледі. Тек СҚО құрылған 80 жылда болған оқиғалар ғана емес, оған дейінгі де қызықты деректер айтылды.

Дмитрий Петин – Омбы облысы тарихи мұрағатының азаматтық соғысы тарихын зерделеу орталығының бас мұрағатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Менің баяндадам Борис Оссовскийге арналған. Ол Петропавл уезінің басшысы болған. Қазір олар әкімдер деп аталады. 1-ші дүниежүзілік соғыс жылдары осы жерді басқарған. Ол сол кездері азаматтарды соғысқа қатысуға дайындап, қаржы мен ресурстарды реттеуге көмектескен.

Жиында айтылған барлық деректер кейін жинақ болып топтастырылмақ.

 

 

Магжан Ахмадина