МТРА жаңалықтары

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Ақжар және Уәлиханов аудандарында болды

Бүгінде Ақжар ауданындағы жолдардың ұзындығы 484 шақырымды құрайды. Оның 75 шақырымы республикалық маңызға ие болса, қалған 268-і аудандық жолдар. Облыс әкімі жұмыс сапары кезінде «Ақжарқын-Бостандық» ауылдарын жалғайтын аудандық жолдың құрылысымен де танысты.

Александр Коротков – «ЛЕНИНГРАД ЖОЛДАРЫ» ЖШС директоры:

-Жол өте нашар болатын. Қазір қиыршық тас төселуде. Жалпы ұзындығы 30 шақырым болып отыр. 6 бірлік техника жұмылдырылған. Жұмыстарды маусым айында аяқтаймыз.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов «Сүт» серіктестігінің мал шаруашылық фермасына да аялдады. 1997 жылы құрылған қожалықтағы Зеңгі баба төлінің саны бүгінде 280 басқа жеткен. Оның 30-ы – сауын сиырлар. Аймақ басшысы осы жерде құрылысы қарқынды жүріп жатқан мал қоймасын да байқады.

Ал Талшық ауылында «Бестерек» спорттық кешені салынуда. Нысанның құрылысына 11 млн 582 мың теңге бөлініпті.

Сондай-ақ, облыс әкімі елді мекендегі 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен де танысты.

Аудан орталығында сиқы қашқан тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына да көп мән беріліп келеді. Биыл Талшық аулындағы 11 баспанаға су тартылып, кәріздік жүйелер қалпына келтірілмек.

Уәлиханов ауданындағы мына 2 қабатты ғимарат ұзақ жылдар бойы қаңырап бос жатқан. Қазірде бұл нысан аудандық әкімдіктің көмегімен күрделі жөндеуден өтуде. Кейін облыс әкімі Кішкенекөл аулының орталық саябағындағы жуырда қолданысқа берілген спорттық алаңқайды тамашалады. Осы жылы Уәлиханов ауданының аграрийлері 247 мың гектар жерге дән сіңірсе, соның 180 мыңына дәнді, қалған 13 мыңына майлы дақылдар екпек. Алқап басында диқандармен тілдескен өңір жетекшісі, шаруаларға жуырда шығарылатын «Батыр» маркілі тракторларын сатып алу қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүістік Қазақстан облысының әкімі:

-Петропавлда К704 тракторларын шығаруды қолға алдық. Енді ресейлік техника бізде құрастырылады. Бұл тракторлардың біреуінің бағасы 30 млн теңге болмақ. Ол өте қолайлы әрі шетелдік техникадан арзандау.

«Қызылту-Нан» серіктестігі – Уәлиханов ауданындағы ірі шаруашылықтың бірі. Иелігіндегі 90 мың гектар жерге егін себуге агроқұрылым 30 сегу кешенін жұмылдырыпты.

Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Жолдасбай Агро» фермерлік шаруашылығының егістік алқабында болды. Мұнда аграрийлер 8 мың гектарға дән сепкен.

Уәлиханов ауданындағы тас жолдардың ұзындығы 704 шақырымды құрайды. Оның 307-сі – аудандық маңыздағы жолдар. Бүгінде «Чехов-Кішкенекөл» бағытындағы автожол күрделі жөндеуден өтуде.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мұнда жол сапалы болады. Жыл соңына дейін 385 шақырым жолды жөндейтін боламыз. Келер жылы 500 шақырымға көшіп, толықтай жолдарын жаңартамыз.

Айта кетейік, бұл учаскедегі жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады.

 

 

Бакыт Садуакасов