Қоғам

СҚО-да “Таза жағалау” акциясы жалғасуда

Жаслан Сәулембеков – СҚО жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

-Қоқыстың басым көпшілігі бөтелкелер мен консервілер. Бүгін өзен жағалауының 3 шақырымын тазалаймыз. Дамбының ар жағын да жинайтын боламыз.

Игі іске білек сыбана кіріскендердің ішінде мектеп оқушылары да кездесті. Таза ауамен демалып жүрген Тимур, Артем және Максим өзен жағалауын тазартып жүрген адамдарды байқап, оларға қолғабыс етуді ұйғарған. Осылайша, балалар қас-қағым сәтте бірнеше қапшықты қоқысқа толтырыпты.

Тимур Жакупов – оқушы:

-Біз осы маңда велосипед теуіп жүргенбіз. Жағалауды жинап жатқандарды көріп біз де қосылдық. Жүк көлігіне 3 қап қоқыс тиедік.

Артем Глуховской – оқушы:

-Адамдар бұл жерді өздері ластайды. Кейін осы жерге келіп демалады. Сондықтан, жағалауларды қоқыстан арылту – өте маңызды шара.

Бұл шара республикалық «Таза жағалау» акциясы аясында өткізілуде. Бір айға созылған игі іс аясында өңіріміздің 252 су қоймасынан 4 тоннадан астам қоқыс шығарылыпты.

Марат Есімсейітов – СҚО жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

-Бұл шараны біздің ұжым мен табиғат ресурстарын реттеу басқарамасының мамандары ұйымдастырып жатыр. Бүгін біз халықаралық маңызы бар Есіл жағалауын қоқыстан арылтып жатырмыз. Бұл жерден жиылған барлық тұрмыс қалдықтарын полигонға апарып төгеміз. Ал пластикалық бөтелкелерді бөлек алып, қайта өңдеуге жібереміз.

Аталмыш шараға 50-ге тарта адам қатысты. Оның ішінде студенттер мен еріктілер де бар.

 

Айгерим Ержанова