Білім

Өңір бойынша биыл 9 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа барады

Надежда Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Негізі бағдарлама кезең-кезеңімен іске қосылады. Барлығы – 4 кезең. Алғашында тек 1-ші сыныптар ғана даярланады. Ал екіншісінде 2, 5-ші және 7-ші сыныптарға енгізіледі. Үшінші кезеңде 3,6,8-ші сынып оқушылары, ал соңғы кезеңде барлығы да 12 жылдыққа әзір болады.

Бастапқыда 12 жылдық білім беру жүйесіне ата-аналар үреймен қараған еді. Бірақ, бүгінде көбісі бұл жаңашылдықтың маңыздылығын түсінген сияқты. Солардың бірі – екі баланың анасы Виктория Куппе. Оның 6 жасар ұлы Глеб биыл 1-ші сыныптың табалдырығын аттамақ. Яғни, алдағы уақытта балақай жаңа бағдарлама бойынша білім алатын болады.

Виктория Куппе – ата-ана:

-Балаларымыз 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша оқыса мектепті неше жасында бітіреді деп қобалжыдық. Есептеп отырсам, балам онда 20 жасқа қараған шағында ЖОО-на түседі екен. Бұл тым кеш. Бірақ, аталған жаңашылдыққа сай біз балаларымызды 6 жасынан мектепке беруіміз керек. Яғни, 6 жасына дейін ол оқушы атануға даярлануы керек.

Жалпы 12 жылдық білім беруді енгізу екі негізгі мақсатты көздейді. Оның біріншісі, балалар ертерек оқи бастайды. Мәселен, 2016-2017 оқу жылы бірінші сыныпқа балалар 6 жасында қабылданады. Ал екіншісінде ЖОО-дарында жалпы білім беретін бағдарламалар саны қысқарады. Яғни, университет қабырғасында студенттер мектеп пәндерін қайталап оқымайтын болады.
Сондай-ақ, алдағы 4 жыл ішінде еліміздің мектеп оқушыларына химия, биология, физика мен информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады деп жоспарланған. Ал, әзірге, мамандарды даярлау жұмыстары жүргізілуде.

Надежда Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Негізі ағылшын тілін бастауыш сыныптан оқыту 2013 жылы қолға алынған. Ағымдағы жылы бұл пәннің сағаттары тағы да артады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2019-шы жылы барлық мектептерде жаратылыстану-ғылыми пәндер ағылшын тілінде өткізіледі. Оған дейін дайындық жүргізіледі. Сонымен қатар, робототехника курсы да енгізілетін болады. Бұл балалардың ойлау қабілетін жақсартуға көмектеседі.

Айту керек, функционалдық сауаттылыққа негізделген жаңа тәсілді әуелі бастауыш сыныптар бастамақ. Олардың саны біздің өңірде биыл 9 мыңнан асады деп жоспарланған.

 

Айгерим Ержанова