Көлік және жолдар

Петропавлда авто және мото жарыс өтті

Өз бақтарын сынау үшін сайысқа көкшетаулықтар да келіпті. Олар жарыс трассасына жол талғамайтын 4 автокөлікпен шығады.

Өмірсерік Шакенов – сайысқа қатысушы:

-Біз екі категрия бойынша қатысатын 4 көлікпен келдік. Жеңіске жетеміз деген ойдамын.

32 жасар Мария Вржец сайыста темір тұлпарды тізгіндеген жалғыз әйел. Машина жүргізуді ол 18 жасынан бастаған. «Нива» көлігінің рулін ұстаған ол бүгінгі автожарыстың мәресіне бірінші келіп жетті.

Мария Вржец – жарысқа қатысушы:

-Жеңіл автокөліктер санатында мен бірінші келдім. Бұрын-соңды мұндай сайыстарға қатысқанмын. Бірақ жеңімпаздар қатарынан көрінген емеспін. Қазір толқып тұрмын. Трасса өте ауыр болды. Дегенмен алғашқы болып жеткенімен қуаныштымын. Бұл – мен үшін маңызды.

Жарыс ережесі бойынша, қатысушылар 1 сағат ішінде бірнеше айналым жасап өтуі шарт. Ал оның біреуі 2,5 шақырымға созылған. Яғни, 60 минутта ең көп км-ді еңсерген жүргізуші сайыс жеңімпазы атанбақ.
Сондай-ақ, бұл күні мотоциклистер де бақтарын сынады.

Қос доңғалақтылар арасындағы сайыста ерекше көзге түскен Андрей Плясунов болды. «Сузуки-450» мотоциклын тізгіндеген ол барлық кедергілерден еш қиындықсыз өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Андрей Плясунов – «Динамо-лидер» клубының мүшесі:

-Жарыс жақсы өтуде. Трасса да жаман емес. Дегенмен өрлерді сәл биіктеу етіп жасау керек еді. Сонда біздің трюктеріміз де әдемі шығатын еді. Бізбен бірге екі кішкентай бала да шықты. Бұл дегеніміз жасөпірімдердің спортқа деген қызығушылығының зор екендігін көрсетеді.

Алдағы уақытта мұндай жарыс Петропавлда жыл сайын өткізілетін болады.

Сергей Михайлов – «Extreme NORD 4х4» клубының төрағасы:

-Сайыс бірнеше санатты қамтыған. Біріншісінде жеңіл машиналар, ал екіншісінде жол талғамайтын көліктер сыналады. Ал мото жарыста қатысушыларға 10 минут уақыт беріледі. Ең көп шақырымды жүріп өткен жүргізуші жеңімпаз атанады. Негізі мұндай сайыс арқылы біз адамдарды спортқа жақын етіп тәрбиелегіміз келеді.

Жалпы бұл сайысқа 15 машина пен 17 мотоцикл қатысты. Көліктердің қызу жарысын жүздеген петропавлдық жиылып, тамашалады.

-Жарыста мотоциклистер ұнады. Арасында кішкентай балалар да болды. Сайыс күшті өтіп жатыр

-Маған сайыс ұнады. Екі турды да тамашаладым. Бәрінен қатысушылардың ауызбіршілігі ұнады. Олар бір-бірін батпақты жерлерден алып шығып жатты. Өте дұрыс.

Жеңімпаздарға демалысқа арналған бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Айгерим Ержанова