Мәдениет

“Нео-фальклор” облыстық байқауы өтті

Уәлиханов ауданынан келген Роза Құспекова жайған дастархан ерекше көзге түсті. 20 жыл бойы ас әзірлеп келе жатқан аспаз бүгінгі сайысқа көмекшісі Бақыт Елеусізованы жіберіпті. Олар әзірлеген мына тағам «Үлпершек» деп аталады. Сиырдың жүрегін тіліп, ішіне ет пен қазы салып әзірлейді. Оны ата-ана «Сен біздің жүрегіміздесің» деген мағынада ұзатқан қызына беріп жібереді екен.

Бақыт Елеусізова , аспаз, Уәлиханов ауданы:

-Бұл – Көмеш деп аталады. Оны бақташылар әзірлеген. Қарынның ішіне бүйрек, жүрек сынды мүшелерді турап салған. Мал бағып жүрген адам оны жерге көміп, шала жанған отқа пісіреді. Сол себепті де көмеш деп аталған.

Ұлттық тағамның дайындалу жолдарын өңір жетекішісінің орынбасары Анархан Дүйсенова да сұрап білуде. Әр аспаздың тағам әзірлеуде өз құпиялары бар. Мәселен, петропавлдық аспаз Юрий Дубинин «Сары бас» қойдың етін еш сусыз асқан. Оның айтуынша қазақтар шөлді жерде көшкенде ұлттық тағамды осы әдіспен әзірлеген екен. Көкөністерді де керуенмен өткен саудагерлерден сатып алған дейді. Ал, келесі залда дизайнер-шеберлердің сайысы өтіп жатыр.

Бұл – Эльвира Мұқашеваның “Қазақ қызының этникалық образы” аталған коллекциясы. Ол қыздың – жастық шағында, бой жеткен кезде және келіншектік кезеңде киетін үш түрлі көйлек алып келген. Шебер күні-түні көз майын тамызып отырып, заманауи стиль мен ою-өрнекті біріктіріп ерекше туынды құрастырған.

Эльвира Мұқашева, конструктор-модельер, Ақжар ауданы:

-Үшінші көйлек “Жер ана” деп аталады. Жеті киелі сан. Сондықтан, жеті ою жабыстырылды. Ақ мата байлықтың, кіршіксіз сезімді білдіреді.

“Нео-фольклор” Облыстық байқауына 11 дизайнер мен 15 аспаз қатысты. Ұлттық өнерді жандандырып жүрген шеберлердің арасынан Уәлиханов ауданынан келген Сәулеш Идаят бас жүлдені жеңіп алды. Жібек пен киізді пайдаланған ол “Ақ Ерке” деп аталатын көктемгі коллекцияны ұсынды.

Сәулеш Идаят, конструктор-модельер, Уәлиханов ауданы:

-20 жыл осы салада еңбек етемін. Еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын. Ауылда шағын шеберханам бар.

Ал, аспаздар ішінен бас жүлдені петропавлдық Юрий Дубин жеңіп алды. Көпшілік біле бермейтін қазақтың ертедегі тағамдарын даярлап алып келген уәлихановтық Бақыт Елеусізова мен Роза Құспекова бірінші орынды қанжығалады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Енді республикалық кезеңге дайындалмақ.

 

 

Акбопе Танирберген