Өнеркәсіп

“Тигран аяқ киімі” ЖК “Халық маркасы” байқауына қатысады

Елена Илюшенко – “Тигран аяқ киімі” ЖК жұмысшысы:

– Жеңіл аяқ киімнің бір жұбын тігу үшін 1 сағаттан артық уақыт кетеді. Қиындық аяқ киімнің түріне байланысты туады. Әрбіреуінде түрлі бұйымдар көп кездеседі. Оны жинау ауыр. Әсіресе, әйелдердікі. Аяқ киімді тігуде арнайы ине-жіпті пайдаланамыз. Инені 72 сағат сайын ауыстыру қажет.

Бүгінде кәсіпорында 6 қызметкер еңбек етеді. Күніне мұндағы әрбір шебер 10 жұп аяқ киімнен әзірлей алады. Қазір олар жазғы маусымға арналған тауарды дайындап жатыр. Өз өнімдерін Петропавл мен еліміздің өзге аймақтарында саудалайды. Кәсіпорындағылар жыл басынан 150 жұп аяқ киім тігеді екен.

Виктор Петросян – “Тигран аяқ киімі” ЖК директоры:

– Біз қысқы да, жазғы да аяқ киімдерді тігеміз. Жеке тапсырыстарды да орындаймыз. Аяқ киімнің ең кіші өлшемі 36-дан басталады. Дизайндарын өзім әзірлеймін. Сән жыл сайын өзгереді. Мен осы нысанды сатып алу үшін “Бизнестің жол картасы-2020″ бағдарламасына жүгініп, 14 пайыздық үстемақымен несие алдым. Оның 7 пайызын мемлекет төлейді.

“Тигран аяқ киімі” ЖК мамырдың 28-і мен 30-ы аралығында Астана қаласында өтетін «Халық маркасы» байқауына қатыспақ. Биыл бұл шара 2-ші рет ұйымдастырылады. Байқаудан зор үміт күтеміз дейді кәсіпорын басшысы.

Виктор Петросян – “Тигран аяқ киімі” ЖК директоры:

– Біз бұл байқаудан зор үміт күтіп отырмыз. Қатысып келгеннен кейін еліміздің барлық аймағынан тапсырыстар келіп түседі деген ойдамын. Астанаға ертең немесе сенбі күні шығамыз. Конкурсқа тауарымыздың барлық түрін апарамыз.

Жалпы елордада өтетін “Халық маркасы” байқауына өңіріміздің 25 кәсіпорны қатысады деп жоспарланған.

 

Риат Шони