Ауыл шаруашылығы

ҚР Ауыл шаруашылығы минситрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болып қайтты

Бастапқыда мұндағылар тек өсімдік шаруашылығымен айналысқан. Ал осыдан 5 жыл бұрын мал шаруашылығын да қолға алыпты. Бүгінде бұл жерде 3200 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Оның тең жартысы етті бағыттағы. Жылына аталған серіктестік 200-250 тонна ет өнімін саудалайды екен.

Асқар Мадиев – «Петерфельд-Агро» ЖШС директоры:

– Қазір біз тәулігіне 9-10 тонна сүтте аламыз. Болашақта оның мөлшерін ұлғайту жоспарда бар. Негізі ақтың литрін облыс орталығындағы сүт өнімін шығарумен айналысатын кәсіпорындарға 110 теңгеден саудалаймыз. Ал субсидияны 37 теңгеден аламыз.

Бүгін «Петерфельд-Агро» серіктестігінің жұмысымен Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов танысты. Мұнда оған сауын цехы көрсетіліп, атқарылып жатқан істер жайлы баяндалды. Бұл жерде министр ірі қараны азықтандыру туралы сұрады.

Сондай -ақ, кездесу барысында серіктестіктегі мамандар Асқар Мырзахметовке Германиядан әкелінген симментал тұқымды ірі қараны өсірумен айналысу тиімді екенін айтты. Біріншіден, бұл сиырлар ауыл шаруашылығы саласында генетикалық материал ретінде қолданылады, ал екіншіден, олардың сүтінің майлылығы жақсы, шамамен 4,5 пайыздан асады.
Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов серіктестік басшылығына алдағы уақытта кәсіптерін ұлғайту қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, кездесуде «Петерфельд-Агро» шаруашылығындағы кейбір мәселелер де талқыланды. Мәселен, сиырларға тағылатын биркалар уақытында жеткізілмейді екен.

Асқар Мырзахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Мұндай мәселе кеше Ақмола облысында көтерілген болатын. Ол жердегі кәсіпкерлер биркаларды делдалсыз өздері сатып алуға келісіп отыр. Сіздердің де пікірлеріңізді білсек. Мәселен, еліміздегі ірі қарамен айналысатындарда біркелкі бирканы қолданып, оны бір жерден сатып алса қалай болады? Мұндай тәсіл шығынды біраз қысқартады.

Бұдан кейін министр «Петерфельд-Агро» серіктестігінің егістік алқабына барды. Бұл жерде ол ауданның аграрийлерімен кездесіп, болашақ мамандарды дайындау мәселесін талқылады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

 


–  Жергілікті шаруа қожалықтары Покровкадағы Жәлел Қизатов атындағы колледжбен жұмыс жасайды. Олар Зенченко и К” КС мен де келісім шартқа отырған. Бұл оқу орнының студенттері сол жерде тәжірибеден өтеді. Өңірде дуалды білім беру жүйесі де жақсы дамып келеді. Университет студенттері де осындай қожалықтарға келіп, білімдерін толықтырады.

Мұнда көпті алаңдатқан Жер кодексіне қатысты өзгертулер де сөз болды. Жергілікті аграриилер бұл жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Айту керек, бүгінде кәіпкер Асқар Мадиев басқарып отырған «Петерфельд-Агро» серіктестігінің қарамағында 6 мың гектар жер бар.

Айгерим Ержанова