Ауыл шаруашылығы

ҚР Ауыл шаруашылығы Министрі жұмыс сапарымен Новоникольское ауылында болды

Көктемнің жайма-шуақ ауа райын мейлінше тиімді пайдаланған агроқұрылымдағылар, танап басында күні-түні жерге дән сіңіруде.

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС директоры, Қызылжар ауданы:

 

– Қазіргі кезде біз тәулігіне 2700 тонна дән сеуіп жатырмыз. Осы күні егістік алқабында 3 бригада жұмыс атқаруда. Жауапты науқанды мерзімінде аяқтау үшін қолда бар барлық себу кешендерін жұмылдырдық.

Кейін елордалық мейманға командиттік серіктестікке қарасты мал шаруашылығы кешенінің жұмысы таныстырылды. Мәселен, мына германдық “Карусель” қондырғысының бір мезетте 52 сиырды саууға қауқары бар. Осылайша серіктестіктегілер күніне 20 тоннадай сүт алады екен.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС директоры, Қызылжар ауданы:


– Өзіміздің сүт зауытында өндірілген сүт өнімдерінің басым бөлігі Астана мен Петропавл қаласында сатылады. Бүгінде көршілес Қорған облысының кәсіпкерлерімен сүтті жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізудеміз.

Осы жерде министрге жаңа туған бұзауларды уақытша күтуге арналған жеке орындар да таныстырылды.

Денис Чебан – “Зенченко и К” КС бас ветеринарлық дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Мына қосында бұзаулар 2 айға дейін болады. Бір ерекшелігі – қондырғының көмегімен жаңа туылған төлдер аз уақыттың ішінде тез күй жинайды. Оларды дәрумендерге бай құнарлы жем-азықпен тамақтандырамыз.

Одан соң командиттік серіктестік директоры Геннадий Зенченко мейманға биыл қолданысқа берілген тағы бір жаңа бұзау қосынын таныстырды. 190 орынға шақталған кешенде симментал тұқымды жас бұзаулар күтілуде.

Нұргүл Жүнісова – “Зенченко и К” КС бас зоотехнигі, Қызылжар ауданы:

– Жабық ғимараттың іші 13 темір қоршаудан тұрады. Олардың әрқайсысында 15 бұзау бөлек-бөлек ұсталады. Төлдерге күніне бірнеше рет стационарлық бөшкенің көмегімен сүт беріледі.

Сондай-ақ, Асқар Мырзахметовке асыл тұқымды жылқылардың сан алуан түрі көрсетілді. Бүгінде кешендегі Қамбар ата төлінің саны 100-ден асып жығылады.
Бұдан кейін Министр серіктестік жұмысшыларына арнап салынып жатқан 10 үйдің құрылысымен танысты.

 

Айгерим Ержанова